Ташкентте (Өзбекстан) өткен 18 жасқа дейінгі спортшылар арасындағы жағажай волейболынан Азия чемпионатында Қазақстан құрамасы жоғары нәтиже көрсетті. Ақтаулық Оразалы Сағыныш турнирдің күміс жүлдегері атанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
6-10 мамыр аралығында Ташкент қаласында ұлдар мен қыздар арасында 18 жасқа дейінгі жағажай волейболынан Азия чемпионаты өтті.
Қазақстан ұлттық құрамасының сапында Ақтау қаласының спортшысы Оразалы Сағыныш өнер көрсетті. Ол алматылық Әлихан Ағабекпен бірге күміс медаль жеңіп алып, турнирде екінші орын иеленді.
Оразалы Сағыныш — жаттықтырушы Павел Александровтың шәкірті.
Финалда Австралия құрамасына есе жіберген қазақстандық волейболшылар чемпионаттың күміс жүлдегері атанды. Турнир барысында спортшылар Азияның ең мықты командаларына қарсы жоғары деңгейдегі ойын өрнегін көрсетті. Осы нәтиженің арқасында қазақстандық волейболшылар жағажай волейболынан әлем чемпионатына жолдама алды.
«Жас спортшыларды үлкен жетістіктерімен құттықтап, әлем чемпионатында сәттілік тілейміз», – деді спортшының жақындары.
Спортшының отбасының хабарлауынша, бүгін сағат 19:00-де Алматыдан келетін рейспен Ақтауға оралатын Оразалы Сағынышты әуежайда салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтеді.