Олжас Бектенов Индонезия министрімен сауда-экономикалық ынтымақтастықты талқылады

Бүгін, 11:47 / Інжу Әлихан
Үкімет

Премьер-министр Олжас Бектенов Индонезия Республикасының Экономикалық істер жөніндегі үйлестіруші министрі Аирлангга Хартартомен кездесу өткізді. Онда сауда-экономикалық өзара іс-қимыл және түрлі салалардағы әріптестікті кеңейту мәселелері талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Индонезия – Қазақстанның оңтүстік-шығыс Азиядағы маңызды серіктестерінің бірі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан мен Индонезия арасындағы екіжақты сауда көлемі $244,7 млн-ды құрады, 2026 жылдың қаңтар-наурыз айларында тауар айналымы $31,5 млн деңгейіне қалыптасты. Қазақстандық экспорттың негізі өңдеу өнеркәсібі, металлургия және химия өнімдерінен тұрады, ал Индонезиядан электроника мен тоқыма жеткізіледі.

Бұған дейін Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен Индонезия Президенті Прабово Субианто халықаралық алаңдарда бірқатар кездесулер өткізгені, бұл екіжақты ынтымақтастықты дамытуға қосымша серпін бергені атап өтілді.

«Қазақстан Индонезиямен сауда-экономикалық байланыстарды кеңейтуге үлкен мән береді. Біз бұл көрсеткіштерді ұлғайтуда елеулі әлеует бар деп санаймыз, сондай-ақ сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты кеңейтуге мүдделіміз», — деп атап өтті Олжас Бектенов.

Аирлангга Хартарто өз кезегінде Индонезия тарапының Қазақстанмен әріптестікті тереңдетуге, іскерлік байланыстарды кеңейтуге және перспективалық бағыттар бойынша кооперацияны дамытуға дайын екендігін білдірді.

Кездесу барысында энергетика, өнеркәсіп, ауыл шаруашылығы және азық-түлікті қайта өңдеу, тоқыма саласы, ислам банкингі, цифрлық экономика, білім беру және туризм салаларындағы өзара іс-қимылды кеңейтуде үлкен әлеует бары атап өтілді.

Көлік-логистика бойынша бағдарларды дамытуға ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, Қазақстанның транзиттік әлеуетін және халықаралық көлік дәліздерінің инфрақұрылымын пайдалану мүмкіндіктері талқыланды. Қазақстанның қолайлы инвестициялық климат қалыптастырып отырғаны аталып өтті, ол Орталық Азияны, ЕАЭО елдерін, Кавказды және Еуропаны қоса алғанда, өңірлік нарықтарға шығу алаңы бола алады.

Жалпы алғанда, тараптар Қазақстан мен Индонезия арасындағы екіжақты экономикалық байланысты одан әрі нығайтуға өзара мүдделі екендігін растады.