Алматыда Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 81 жылдығына орай еске алу және мерекелік іс-шаралар өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Негізгі бағдарлама дәстүрлі түрде 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта ұйымдастырылды. Мұнда қала әкімі Дархан Сатыбалдының қатысуымен Даңқ мемориалындағы Мәңгілік алауына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті. Майданда қаза тапқан қазақстандық жауынгерлердің рухына Ұлы Отан соғысының ардагерлері, тыл еңбеккерлері, әскери қызметшілер, құқық қорғау органдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен қала тұрғындары бір минут үнсіздікпен тағзым етті.
Саябақта қала тұрғындары мен қонақтары үшін дала асханасы ұйымдастырылып, қазақстандық артистер мен шығармашылық ұжымдардың қатысуымен мерекелік концерт өтті. Бағдарлама барысында майдан әндері мен соғыстан кейінгі жылдардың танымал композициялары орындалды.
Айта кетейік, Жеңіс күніне орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне және азаматтардың өзге де санаттарына біржолғы әлеуметтік көмек көрсетілді. Атап айтқанда, 15 ҰОС ардагеріне 5 млн теңгеден төлем берілді. Сондай-ақ, әскери іс-қимылдарға қатысушыларға, тыл еңбеккерлеріне, ардагерлерге теңестірілген тұлғаларға және қайтыс болған ардагерлердің жұбайына материалдық қолдау көрсетілді.