Францияның Лозер департаментінде ондаған науқасқа негізсіз ем жүргізді деп айыпталған 61 жастағы бұрынғы тіс дәрігеріне қатысты сот процесі басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу мәліметінше, дәрігер Хосе Перейра Мендес пациенттердің сау тісін жұлып, медициналық қажеттіліксіз имплант орнатқан. Сонымен қатар ол жасалмаған ем-шаралар үшін жалған есепшоттар рәсімдеді деген күдікке ілінген.
Radio France таратқан ақпаратқа сәйкес, дәрігердің әрекетінен шамамен 40 адам зардап шеккен. Айыптау тарапы оның бірқатар пациентке еш негізсіз стоматологиялық операция жасағанын мәлімдеді.
Іс материалдарында 2018-2021 жылдар аралығында 500-ден астам жалған медициналық қызмет үшін есеп жазылғаны көрсетілген. Тергеушілердің айтуынша, көптеген процедура шын мәнінде жүргізілмеген немесе медициналық тұрғыдан мүлде қажет болмаған.
Істегі ең шулы оқиғалардың бірі – бір пациенттің 14 тісінің бірден жұлынуы. Бұл жағдай дәрігерге тағылған негізгі айыптардың біріне айналған.
Қазіргі таңда іс бойынша 45 жәбірленуші тіркелген. Франция прокуратурасы әлеуметтік сақтандыру жүйесіне келтірілген шығын ретінде шамамен 300 мың еуро өндіріп алуды талап етіп отыр.
Егер кінәсі дәлелденсе, бұрынғы тіс дәрігері 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылуы мүмкін.