Ақтөбе облысының Ырғыз ауданындағы бірнеше ауылда ірі көлемдегі бұршақ жауып, тұрғындарға айтарлықтай шығын келтірді, деп хабарлайды turkystan.kz.
7 мамыр күні кешкісін жауған бұршақтың көлемі тұрғындардың айтуынша тауық жұмыртқасындай болған. Табиғаттың тосын мінезінен әсіресе Шеңбертал ауылы қатты зардап шеккен.
Күшті бұршақ салдарынан үйлер мен шаруашылық нысандарының шатырлары тесіліп, кейбір автокөліктердің терезелері сынған. Сонымен қатар бірқатар елді мекен жарықсыз қалған.
Жергілікті тұрғын Думан Ызаш әлеуметтік желіде бүлінген үйінің видеосын жариялап, қаңылтыр шатырдың бірнеше жерден тесіліп қалғанын көрсетті. Оның айтуынша, қора-қопсы мен басқа да шаруашылық құрылыстары да зақымданған.
Тұрғындар мұндай табиғи құбылысты көп жылдан бері алғаш рет көріп отырғандарын айтады.