Қаржылық мониторинг агенттігі Астанада экологиялық талаптарға сәйкес келмейтін көлік құралдарын заңсыз әкелу фактісі бойынша тергеуді аяқтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Тергеу амалдарына сай, бір топ адам бақылауындағы ЖШС-тер арқылы «Евро-2» экологиялық класына жататын FAW маркалы жүк көліктерін Қазақстан аумағына заңсыз импорттауды ұйымдастырған.
Импорт қолданыстағы «Евро-4»-тен төмен стандарттағы техниканы әкелуге тыйым салынғанына қарамастан жүзеге асырылған.
Техника Қытай Халық Республикасынан сыртқы экономикалық келісімшарттар негізінде жеткізіліп, кейін кедендік рәсімдеу кезінде жалған мәліметтер пайдаланылған.
Атап айтқанда, көлік құралдарының қауіпсіздік сертификаттары (СБКТС) қолдан жасалып, онда әдейі «Евро-5» экологиялық класс көрсетілген.
Нәтижесінде Қазақстан аумағына 20 бірлік арнайы техника заңсыз әкелінген.
Олардың жалпы кедендік құны 284 млн теңгеден асқан.
Кейін бұл техника байланысы бар компаниялар тізбегі арқылы сатылып, мемлекеттік сатып алу аясында 600 млн теңгеден астам сомаға жеткізілген.
Сот санкциясымен күдіктілердің мүлкіне: 9 автокөлік пен бір пәтерге тыйым салынды.
Күдіктілердің бірі қамауға алынды, ал оның екі сыбайласына қатысты елден шықпау туралы бұлтартпау шарасы қолданылды.