Қазақстанда туған Санжар Әбішев Лондондағы Сент-Джеймс ауданының мэрі болып сайланды. Сайлау 7 мамыр күні өтті. Ол Ұлыбританияның Консервативтік партиясы атынан кандидат ретінде жеңіске жетті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Бұл туралы кәсіпкер Қанат Көпбаев бөлісті.
«Менің ескі досым, кәсіпкер Азат Әбішевтің ұлы Санжар небәрі 33 жаста. Лондондағы атақты Malvern коллежін, сосын университет бітіріп, енді қалалық Westminster City council атқарушы органына мүше болып енді. Консервативті партия өкілі ретінде, бас бәсекелес лейбористерден 350 дауысқа озып шықты», - деп жазды ол.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сүйенсек, Санжар Әбішев Ұлыбританияда мектеп жасынан бері тұрады. Ол беделді Malvern College колледжін тәмамдап, еңбек жолын британдық компанияларда маркетинг саласында бастаған.
2016 жылдан бері ол ірі брендтермен жұмыс істейтін Blue Swallow Group маркетинг агенттігін дамытып келеді. Сонымен қатар 2015 жылы әлеуметтік жобаларды қолдайтын қайырымдылық ұйымын құрған.
Қазақстанда туған азамат бірнеше жылдан бері Ұлыбритания саясатында белсенді қызмет атқарып жүр. 2024 жылы ол осы аудандағы Консервативтік партияның жергілікті бөлімшесін басқарған және қоғамдық жұмыстармен тұрақты айналысқан.