Бананның құрамында алтын бар деген ақпарат әлеуметтік желіде жиі айтылады. Бұл рас па, әлде жай миф пе? Ғалымдардың айтуынша, банан құрамында расымен өте аз мөлшерде алтын кездеседі. Бірақ оның көлемі соншалық мардымсыз болғандықтан, оны өндіріп алу мүмкін емес, деп хабарлайды turkystan.kz nature.com-ға сілтеме жасап.
Банан құрамындағы алтын туралы деректер ғылыми зерттеулерде де кездеседі. Nature журналында жарияланған мәліметке сәйкес, өсімдік тіндеріндегі алтынның табиғи мөлшері әдетте бір грамм құрғақ массаға шаққанда 10 нанограмнан аспайды. Бұл – миллиардтың он бөлігі ғана.
Орташа бананның жеуге жарамды бөлігі шамамен 120 грамм тартады. Оның басым бөлігі су болғандықтан, құрғақ массасы шамамен 18 грамм ғана болады. Осындай көлемдегі бананда бар болғаны 180 нанограмм алтын кездесуі мүмкін. Бұл – 0,00018 миллиграмм ғана.
Салыстыру үшін айтсақ, бір грамм алтын алу үшін шамамен 5,6 миллион бананды өңдеу қажет болады. Бұл – 670 тоннаға жуық жеміс. Мұндай көлемдегі бананның құны алтынның өз бағасынан бірнеше есе қымбатқа түсер еді.
Ғалымдардың түсіндіруінше, алтын жер қыртысында өте аз мөлшерде болады. Өсімдіктер су мен минералдарды тамыры арқылы сіңірген кезде алтын бөлшектері де бірге өтуі мүмкін. Алайда алтын өсімдік ағзасында ешқандай биологиялық қызмет атқармайды, тек жиналып қалады.
Мамандар бананның «алтын жинайтын» өсімдікке жатпайтынын айтады. Кейбір арнайы өсімдіктер ғана белгілі бір химиялық өңдеуден кейін бағалы металдарды көбірек жинай алады. Бірақ табиғи жағдайда мұндай концентрация кездеспейді.
Сондай-ақ бананнан алтын өндірудің техникалық жағынан да тиімсіз екені айтылды. Өйткені металл өсімдік ішінде бір жерге шоғырланбайды, бүкіл жасушаларға таралып кетеді. Оны бөліп алу үшін күрделі химиялық өңдеу қажет.
Айта кетейік, тағамға қолданылатын алтын, яғни E175 қоспасы өсімдіктерден алынбайды. Ол арнайы тазартылған асыл металл саналады.
Қорытындылай айтқанда, банан құрамында алтын бары рас. Бірақ оның мөлшері аз болғаны сонша, тек дәлдігі аса жоғары зертханалық құрылғылар арқылы ғана анықталады.