Қазақстандық лоукостер FlyArystan Ақтау – Үрімші – Ақтау бағыты бойынша жаңа халықаралық рейстің іске қосылғанын хабарлайды. Бұл қадам Қытай бағытындағы маршруттық желіні стратегиялық тұрғыда кеңейтуді жалғастырып, қолжетімді әрі ыңғайлы саяхаттың жаңа мүмкіндіктерін қалыптастырады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Алғашқы рейс 2026 жылғы 26 маусымға жоспарланған. Ұшулар аптасына екі рет – сейсенбі және жұма күндері орындалады, кері бағыттағы рейстер сәрсенбі және сенбі күндері жүзеге асырылады.
Йохан Эйдхаген, «FlyArystan» АҚ Президенті және бас атқарушы директоры:
«Қытай FlyArystan әуе бағыттар желісін дамытудағы ең қарқынды нарықтардың бірі болып қала береді. Біз халықаралық рейстерді Қазақстанның әртүрлі өңірлеріндегі, соның ішінде елдің батыс аймағындағы жолаушыларға Қытайдың негізгі экономикалық орталықтарының біріне тікелей әрі ыңғайлы әуе қатынасын ұсынуға мүмкіндік береді. Қазіргі геосаяси жағдайларда әуекомпаниялары жекелеген нарықтардағы өзгерістер мен сұраныс динамикасын ескере отырып, өз маршруттық желілерін икемді түрде бейімдеуде. Осы тұрғыда Қытай және жалпы Азия бағыты жоғары әлеуетін сақтап отыр. Air Astana тобы Қытай нарығындағы өз қатысуын белсенді түрде арттыруды жалғастыруда: 2026 жылғы маусым айының соңына қарай Air Astana және FlyArystan брендтері бойынша Қазақстан мен Қытай арасындағы апталық жалпы рейс жиілігі шамамен 50 рейс деңгейіне жетеді деп жоспарлануда. Біз туристік және іскерлік сегменттер тарапынан тұрақты сұранысты байқап отырмыз және жолаушыларға дәстүрлі маусымдық бағыттардан тыс жаңа саяхат мүмкіндіктерін ұсына отырып, өңірдегі рейстер географиясын кеңейтуді жалғастырамыз».
Ақтаудан ашылған жаңа бағыт FlyArystan әуекомпаниясының Қытайға бағытталған қолданыстағы рейстер желісін, соның ішінде танымал Алматы – Инин бағытын толықтырады. Сонымен қатар, бұл бағыт Қазақстан өңірлері мен Батыс Қытайдың негізгі экономикалық орталықтары арасындағы әуе қатынасының мүмкіндіктерін кеңейтеді. Бұған дейін FlyArystan әуекомпаниясы Астана – Үрімші – Астана бағыты бойынша рейстердің қайта жанданатынын хабарлаған болатын. Аталған рейстер 2026 жылғы 31 мамырдан бастап аптасына үш рет – сейсенбі, бейсенбі және жексенбі күндері орындалады.
Үрімші – Қытайдың Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық ауданының ең ірі қаласы және негізгі сауда, логистика және туризм орталықтарының бірі. Қала дамыған инфрақұрылымымен, сауда және гастрономиялық мүмкіндіктерімен, сондай-ақ бірегей табиғи көрікті орындарға жақындығымен туристерді тартады.
Ақтау – Үрімші рейсіне билеттердің құны бір бағытқа 77 000 теңгеден* басталады. Әуебилеттері www.flyarystan.com ресми сайтынан, мобильді қосымша және басқа сату арналары арқылы рәсімдеуге қолжетімді.
Қытайға маршруттық желіні кеңейту FlyArystan-ның қолжетімді халықаралық тасымалды дамыту, халықтың мобильдігін арттыру және Қазақстанның Орталық Азиядағы негізгі авиациялық және транзиттік хаб ретіндегі рөлін күшейтудегі ұзақ мерзімді стратегиясын айқындайды.