Биыл наурыз айында қабылданған жаңа Конституцияның негізгі ережелері мен нормаларын жүзеге асыруға қатысты жұмыс кезең-кезеңімен атқарылып жатыр. Бұл туралы Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин мәлім етті, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Бүгін Парламент Палаталарының бірлескен отырысында депутаттар бірінші оқылымда үш заң жобасын қарады:
1. «Қазақстан Республикасының Президенті туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы. Бұл заң жобасында 8 тарау мен 43 бап бар.
2. «Қазақстан Республикасының Құрылтайы және оның депутаттарының мәртебесі туралы» Конституциялық заңның жаңа редакциясы. Бұл заң жобасында 12 тарау мен 60 бап бар.
3. «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Конституциялық заңға өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы».
Ұсынылып отырған өзгерістердің мақсаты:
- қолданыстағы заңнаманы жаңа Конституцияға бейімдеу,
- мемлекеттік-саяси үлгіні институционалдық тұрғыдан жаңарту,
- саяси жаңғыру үдерісін жалғастыру үшін жүйелі құқықтық негіз қалыптастыру.
Заңнаманы үйлестіру үдерісі және алдағы уақытта өтетін Құрылтай сайлауы конституциялық қағидаттар мен Әділетті Қазақстанның құндылықтары негізінде елімізді өркендетудің жаңа кезеңінің басталғанын айғақтайды», - деді Е. Қарин.