Астана – Франкфурт бағытындағы ұшақ Ақтөбеге шұғыл қонды

Бүгін, 12:40 / Інжу Әлихан
Air Astana

8 мамыр күні Астана – Франкфурт бағыты бойынша KC921 рейсін орындаған ұшақ техникалық себепке байланысты Ақтөбе қаласына қонуға мәжбүр болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Әуе компаниясының мәліметінше, ұшақ Астанадан сағат 08:54-те ұшып шыққан. Экипаж стандартты қауіпсіздік талаптарына сәйкес шешім қабылдап, әуе кемесі сағат 11:34-те Ақтөбе әуежайына штаттық режимде қонған.

Жолаушыларды әрі қарай тасымалдау үшін Алматыдан резервтік ұшақ жіберілген. Рейстің Ақтөбеден жолаушылармен бірге ұшып шығуы бүгін сағат 14:20-ға жоспарланған.

Компания өкілдері жолаушылар мен экипаж қауіпсіздігі басты басымдық екенін атап өтті.

Сондай-ақ әуе компаниясы жолаушылардан туындаған қолайсыздық үшін кешірім сұрады.