«Алматы – Өскемен» тасжолында жөндеу жұмысы жүріп жатыр

Бүгін, 12:30 / Інжу Әлихан
ҚазАвтоЖол

Республикалық маңызы бар «Алматы – Өскемен» автомобиль жолының 213-234 шақырым аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп жатыр, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жөндеу жұмыстары барысында бірқатар уақытша шаралар қабылданған. Атап айтқанда, қозғалыс баламалы бағыт ретінде уақытша ұйымдастырылған Мұқыры елді мекені арқылы өтетін 27 шақырымдық айналма жолда, сондай-ақ «Алматы – Талдықорған» бағытының негізгі жолының 21 шақырымдық бөлігінде жол ақысы алынбайды.

Қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында Мұқыры кенті арқылы өтетін айналма жолдың көріну қашықтығы шектеулі және қауіпті бұрылыстары бар учаскелеріне тұтас жол таңбалары сызылған. Бұл жүргізушілердің бағдарлануын жақсартып, жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған.

Сонымен қатар, жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыру және үй жануарларының қатысуымен болатын апаттардың алдын алу үшін жергілікті шаруа қожалықтары иелерімен түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Мал иелеріне түнгі уақытта жануарлардың көрінуін арттыратын жарық шағылыстыратын қарғыбаулар таратылды. Бұл құралдар көлік шамдарына шағылысып, жүргізушілерге жануарларды дер кезінде байқауға мүмкіндік береді және қауіпсіздікті күшейтеді.