Қытайда 24 жастағы Ван Ранран есімді қалыңдық ауыр жағдайдан кейін комадан үйлену тойына екі күн қалғанда шықты. Бұл оқиға қоғамда үлкен резонанс тудырды, деп turkystan.kz тілшісі South China Morning Post басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Жігіті Чжан Сируидің айтуынша, жұп алты жыл бойы бірге болып, 25 сәуірге үйлену тойын жоспарлаған.
Алайда қаңтар айында Ван тамағының ауыра бастағанына байланысты жеке клиникаға жүгінген. Қысқаша тексерістен кейін оған аллергиясына тексеріс жүргізілместен инъекция жасалған.
Көп ұзамай қыздың жағдайы күрт нашарлап, тілінің ұюы, құсу және тұншығу белгілері пайда болған. Жедел жәрдем шақырылғанымен, ол шок жағдайына түскен. Ауруханада дәрігерлер оған тыныс жетіспеушілігі мен миға оттегі жетпеу диагнозын қойған, бұл ауыр асқынуларға әкелген.
Кейін инъекцияны медициналық білімі жоқ адам жасағаны, ал ем тағайындаған дәрігердің лицензиясыз жұмыс істегені анықталған. Тергеуден кейін клиника жабылып, зардап шеккен отбасыға 200 мың юань көлемінде өтемақы төленген.
Қыз үш айдан астам уақыт комада жатқан. 23 сәуір күні ол алғаш рет көзін ашып, жігітіне күлімсірей алған. Дегенмен, сөйлеу және қозғалу қабілеттері әлі толық қалпына келмеген.
Жігіті істің әділ тергелуін талап етіп, сот процесін жалғастыратынын мәлімдеді.