«Жастар Рухы» 5 мыңнан астам жасты әскери-патриоттық іс-шараларға жұмылдырды

Бүгін, 13:46 / Дана Ізтілеуова

Отан қорғаушы күні қарсаңында «AMANAT» партиясының «Жастар Рухы» жастар қанаты республикалық «QAISAR» әскери-патриоттық жобасы аясында еліміздің 20 өңірінде 5 мыңнан астам жас азаматтың қатысуымен ауқымды іс-шаралар өткізуде. Жоба шеңберінде «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы, өрт сөндіру және әскери бөлімдерге экскурсиялар және патриоттық ойындар мен түрлі акциялар ұйымдастырылуда, деп хабарлайды turkystan.kz.

2022 жылы «AMANAT» партиясының кезектен тыс XXII Съезінде «Жастар Рухы» жастар қанаты «QAISAR» әскери-патриоттық ойындарын тұрақты түрде өткізу жөнінде бастама көтерген еді. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бұл бастамаға қолдау білдірді. Аталған жобаға төрт жылда 7 мыңға жуық оқушы қатысты. Сондай-ақ үш жылдан бері «AMANAT» партиясының аймақтық филиалдары «Сарбаз болғым келеді» ауқымды акциясын өткізіп келеді. Оған ел аумағында 600 мыңнан астам мектеп оқушысы қатысып, алғашқы әскери дайындықпен танысты.

Мәселен, Астанада Қорғаныс министрлігінің «68665» әскери бөлімінде 100-ден астам жас өрен бас қосқан әскери-патриоттық экскурсия ұйымдастырылды. Онда «AMANAT» партиясының Атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «QAISAR» әскери-патриоттық экскурсиясы – танымдық іс-шара ғана емес, рухтың, тәртіптің, ұлтқа қызмет етудің жарқын мысалы екенін айрықша атап өтті.

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған «Заң мен Тәртіп» қағидатын ерекше атап өту қажет. Бұл – қоғамда әділдік пен жауапкершілік мәдениетін орнықтыруға бағытталған аса маңызды бастама. Әсіресе, жастардың бойындағы құқықтық сауаттылықты арттырып, заңға құрметпен қарауға, қоғамдық тәртіпті сақтап, ел болашағы жайлы берік көзқарас қалыптастыруға үйретеді. Бүгінгі жас буын кез келген заңсыздыққа – мейлі ол вандализм болсын, зиянды әдеттер немесе құқық бұзушылықтың өзге түрлері болсын, қарсы тұруы қажет. Өйткені заң мен тәртіп – қауіпсіз қоғамның, тұрақты дамудың және жарқын болашақтың кепілі», – деді ол.

Іс-шара барысында қатысушылар арнайы жасақтың жекпе-жек өнерін, «Геотактика» таныстырылымын тамашалады. Бұған қоса, «BIR TOLQYNDA» диалог алаңы ұйымдастырылды. Онда әскери сарапшылармен Отанға деген адалдық, ел мен жерге деген сүйіспеншілік, азаматтық парыз тақырыптарында әсерлі әңгіме өрбіді. Жас өрендер өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, тұщымды жауап алды. Сондай-ақ осы әскери бөлім аумағында экскурсия өткізіліп, жастар қауымы сарбаздардың бір күндік өмірі қалай өтетінін көрді.

«QAISAR» әскери-патриоттық жобасына алғаш рет қатысып отырмын. Бұған дейін әскери өмір туралы тек көркем фильмдер мен әлеуметтік желілерден ғана білетін едім. Ал бүгін осы әскери бөлімге келіп, казармаларды аралап, сарбаздардың асханасынан дәм татып, жауынгерлердің қару-жарағымен, арнайы техникаларымен, жалпы отан қорғаушылардың тыныс-тіршілігімен таныстым. Әскери өмірге деген шынайы қызығушылығым пайда болды. Болашақта еліме деген сүйіспеншілігімді іспен дәлелдеп, әскер қатарынан табыламын деген ойдамын», – деді әскери-патриоттық экскурсияға қатысқан колледж студенті Мұхаммед Шакарбеков.

«QAISAR» әскери-патриоттық жобасы – рух пен намыстың, сабыр мен тәртіптің, отаншылдық пен бауырмалдықтың мектебі. Сондықтан бұл жоба алдағы уақытта да лайықты жалғасын табады.