Клубтағы төбелес: Астанада 18 жастағы студенттің өліміне қатысты сот басталды

Бүгін, 10:16 / Алуа Арман
КТК

Астана қаласында 18 жастағы студенттің өліміне қатысты резонанстық іс бойынша сот процесі басталды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Айыпталушылардың бірі қылмыс жасалған кезде құқық қорғау органдарында жұмыс істеген. Оқиға өткен жылдың желтоқсан айында түнгі клубтардың бірінің маңында болған. Қаза тапқан жігіттің анасы әлі күнге дейін болған қайғылы жағдайдан ес жия алмай жүргенін айтты.

«Оның миына қан құйылған, соққылар алған, кейін соның салдарынан жүрегі тоқтап қалған. Соққылар арт жағынан тиген. Адамды екі жағынан ұрып, кейін теуіп, соққыға жығу — бұл қатыгездік қой! Адамды ит сияқты сабап өлтірген! Бұлар адам емес! Менің ойымша, олар заң алдында барынша қатаң жауап беруі керек!» — деді марқұмның анасы Толқын Чукеева.

Қатыгез төбелестің басталу сәтін куәгерлер видеоға түсіріп алған. Алайда марқұмның туыстарының айтуынша, іс бойынша бұдан басқа бейнематериалдар жоқ.

Ади Чукеев 24 желтоқсанда 18 жасқа толған, ал 27 желтоқсанда елордадағы түнгі клубтардың бірінің жанында оның өмірі қиылған. Анасы сол түнді қорқынышпен еске алады. Таңғы сағат бестер шамасында үлкен ұлы хабарласып, інісінің мәйітханада жатқанын айтқан.

Айыпталушылар орнында екі адам отыр. Алғашқы сот отырысында олар жүздерін көрсетуге тыйым салғандықтан, іс қарауы кейінге шегерілген. Екінші отырыста да дәл сол жағдай қайталанған. Марқұмның отбасы әр сот сайын Аягөз қаласынан елордаға 1200 шақырым жол жүріп келеді.

«Тергеу органдары мен куәгерлердің сөзінше, алкогольдік масаң күйде болған екі жас жігіт осы дене жарақаттарын салған. Олардың бірі құқық қорғау органдарының қызметкері болған», — деді адвокат Дамир Ишмаметов

Тэгтер:

студент төбелес Өлім клуб