ҚР Президентінің жанындағы ҚР Ұлттық ғылым академиясы 6 мамырда Қызылордада Академия Президиумының көшпелі отырысын өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Отырыста келесідегідей бағыттар мен мәселелер талқыланды:
- Су ресурстарын басқару – өңірді сумен қамтамасыз етуге бағытталған ғылыми шешімдерді әзірлеу және енгізу, оның ішінде жерасты суларын пайдалану, мониторинг, модельдеу және шешім қабылдауды қолдау жүйелерін дамыту, сондай-ақ су ресурстарын басқарудың интеллектуалды жүйелерін енгізу;
- «DeepBas» жобасының таныстырылымы – бұл жоба су ресурстарын басқарудың отандық интеллектуалды жүйесін қалыптастырудың негізі ретінде қарастырылады;
- Агроөнеркәсіптік кешенді дамыту – құрғақшылыққа және тұзға төзімді дақылдарды енгізу, күріш шаруашылығын дамыту, суармалы егіншіліктің тиімділігін арттыру және ауыл шаруашылығында биотехнологияларды қолдану;
- Экологиялық тұрақтылық – Арал өңірінің проблемаларын шешу, жердің тозуына және топырақтың тұздануына қарсы күрес, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану;
- Қайта өңдеу саласын ғылыми қамтамасыз ету – ауыл шаруашылығы, минералдық және техногендік шикізатты терең өңдеу технологияларын дамыту арқылы өнімнің қосылған құнын арттыру;
- Тау-кен өнеркәсібі және ресурстар – минералдық шикізатты кешенді қайта өңдеу, экологиялық қауіпсіз технологияларды енгізу және өңірдің ресурстық әлеуетін тиімді пайдалану;
- Цифрландыру және ғылым – шешім қабылдауды қолдау жүйелерін қалыптастыру, ғылыми инфрақұрылымды дамыту және өңір үшін білікті кадрлар даярлау.
ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті Ақылбек Күрішбаев көшпелі отырыстың алғы сөзінде елімізде ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру тәсілдеріндегі негізгі өзгерістерге тоқталды:
«Ұлттық ғылым академиясы қолданбалы ғылымды қаржыландыру мен ұйымдастырудың жаңа моделін әзірледі. Оның басты қағидаты – ғылымға бағытталған мемлекеттік инвестициялар тек зерттеулермен шектелмей, нақты қолданбалы нәтижелерге және оларды кейіннен практикаға енгізуге ұласуы тиіс. Ол үшін әрбір ғылыми жобаны іске асыруға ғылыми ұйымдармен қатар мүдделі бизнес құрылымдар да тікелей қатысуы қажет. Тек осылай ғана біз ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты нығайтып, бюджет қаражатының тиімділігін арттыра аламыз және ғылыми жетістіктердің нақты нәтижесін көре аламыз.
Бұл тәсілді іске асыру үшін бұған дейін Ғылым және жоғары білім министрлігінің құзырында болған қолданбалы ғылыми зерттеулерді ұйымдастыру және жүргізу функцияларын тікелей салалық министрліктер мен жергілікті атқарушы органдарға беру қажет. Себебі дәл осы құрылымдар өндіріспен тығыз байланысты және салалар мен өңірлердің нақты проблемаларын жақсы біледі. Осылайша, қолданбалы ғылымды дамытуға жауапкершілік салалық министрліктер мен жергілікті әкімдіктерге жүктеледі. Бұл өңірлік ғылыми зерттеулердің тақырыптарын бұрынғыдай ғылыми ұйымдар емес, өндірістің нақты қажеттіліктері мен форсайттық зерттеулер негізінде әкімдіктердің өзі айқындайды деген сөз. Сонымен қатар облыстардың құзыретіне айқындалған тақырыптардың белгіленген ғылыми басымдықтарға сәйкестігін тексеру, ғылыми-техникалық тапсырмалар дайындау, ғылыми конкурстар ұйымдастыру, сондай-ақ ғылыми жобаларды қаржыландыруға жергілікті бюджет, бизнес және мемлекеттік емес ғылыми қорлар қаражатын тарту кіреді. Бүгінде бұл үшін қажетті заңнамалық және нормативтік база толық қалыптастырылған, ендігі маңызды міндет – оны тиімді пайдалану.
Қазір Ұлттық академияның жетекшілігімен осы модельді іске асыруға арналған цифрлық жүйе әзірленіп жатыр. Оның мақсаты – қолданбалы ғылыми жобаларды дайындау және орындау процесін цифрлық форматта бақылау, олардың орындалу сапасын автоматты түрде бағалау және осы негізде салалық министрліктердің, әкімдердің және ғылыми ұйымдардың рейтингтерін қалыптастыру, сондай-ақ қолданбалы ғылымды дамытудағы негізгі тиімділік көрсеткіштерін, яғни KPI-ларды айқындау».
Баяндамада Қызылорда өңірі үшін басым маңызға ие мәселелерге – су тапшылығы мен Арал теңізінің экологиялық проблемаларына да ерекше назар аударылды. А. Күрішбаев су шаруашылығына озық технологияларды енгізу туралы айта келе:
«Қытайлық әріптестерімізбен бірлесіп, Кеңістіктік-уақыттық интеллект орталығын құрдық және “DeepBas” платформасын әзірледік. Бұл – жасанды интеллект негізінде жұмыс істейтін су ресурстарын басқарудың интеллектуалды жүйесі. Келесі жылдан бастап Арал–Сырдария бассейнінде ауқымды 5 жылдық мегажобаны іске қосуды жоспарлап отырмыз», – деді.
Сондай-ақ көшпелі іс-шара аясында 5 мамыр күні форсайт-сессия өткізіліп, онда Академия өкілдері жергілікті кәсіпорын өкілдеріне технологиялық олқылықтарды анықтау әдістерін үйретті. Ал 6 мамыр күні облыс кәсіпорындарында кеңінен енгізуге дайын инновациялық әзірлемелер көрмесі ұйымдастырылды.
Іс-шараға ҚР Ұлттық ғылым академиясының президенті А.Күрішбаев, ҚР Ғылым және жоғары білім министрі С.Нұрбек, Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Д.Жаналинов, академиктер, жетекші ғалымдар, ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарының басшылары, сондай-ақ өңірдің бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Отырыс қорытындысы бойынша Қызылорда облысында су ресурстарын басқару, экология, қайта өңдеу және тамақ өнеркәсібін перспективалы әрі тиімді дамытуға бағытталған қарар мен бірлескен жұмыс жоспарын әзірлеу туралы шешім қабылданды.