iPhone 20-да мүлде батырма болмайды

Бүгін, 18:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: macrumors.com

Алдағы жылдары Apple компаниясы iPhone-ның мүлде жаңа форматын ұсынуы мүмкін. Инсайдерлік ақпаратқа сүйенсек, 20 жылдық мерейтойға арналған iPhone 20 моделінде дәстүрлі физикалық батырмалар толықтай жойылып, олардың орнына сенсорлы аймақтар пайда болады, деп хабарлайды turkystan.kz Instant Digital-ға сілтеме жасап.

Бұл жүйе «solid-state» деп аталады, яғни механикалық емес, жанасуға жауап беретін бет. Қол тигізгенде қолданушыға діріл (haptic feedback) арқылы кері байланыс беріледі. Сырттай қарағанда батырма жоқ, бірақ сезімі сол күйінде сақталады.

Жаңа технологияның бір ерекшелігі – ол телефон өшірулі болса да жұмыс істей алады. Бұл үшін құрылғыға ультра төмен қуат тұтынатын жеке микрочип орнатылмақ. Яғни батарея таусылып қалса да, негізгі басқару элементтері жауап бере береді.

Инсайдер «Instant Digital» мәліметінше, бұл батырмалар әртүрлі жағдайларда – қолғаппен, дымқыл қолмен, қатты суықта немесе қаппен бірге қолданғанда да сынақтан өткен.

Дизайн тұрғысынан да үлкен өзгеріс күтілуде. Apple құрылғыны толықтай «әйнек блокқа» айналдырғысы келеді – экран төрт жағынан да иіліп, жақтаусыз көрініс береді. Батырмалардың жойылуы осы концепцияны жүзеге асыруға көмектеседі.

Сонымен қатар, қауесеттер арасында келесі мүмкіндіктер де аталады:
– екі қабатты OLED-дисплей;
– экран астындағы Face ID және алдыңғы камера;
– шамамен 6000 мА·сағ батарея;
– дыбысты экран арқылы беру (динамиксіз);
– кері сымсыз қуаттау.

Айта кету керек, мұндай «батырмасыз iPhone» идеясы бұрын да бірнеше рет айтылған, бірақ іске аспай қалған. Мысалы, бұл технология iPhone 15 Pro және кейінгі модельдерге енгізіледі деген жоспар болғанымен, соңғы сәтте айнып қалған.

Тэгтер:

iPhone батырма