Жастар 5-10 минутқа кешігуді уақытында келу деп есептейді – зерттеу

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
cурет: istockphoto.com

Жаңа зерттеу нәтижесі жас буынның уақытқа деген көзқарасы өзгере бастағанын көрсетті. Онлайн кездесулер платформасы Meeting Canary жүргізген сауалнамаға 1 000-нан астам британдық қатысқан. Соның нәтижесінде 16–26 жас аралығындағы жастардың шамамен жартысы 5–10 минут кешігуді «уақытында келумен» бірдей деп санайтыны анықталған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сарапшылар мұны пандемия кезеңімен байланыстырады. Дәл осы уақытта қазіргі зумерлер еңбек жолын бастап, қашықтан жұмыс істеуге үйренді. Онлайн жиналыстарда адамдардың біртіндеп қосылуы, техникалық кідірістер, бәрі уақыт ұғымын «созып», кешігуді қалыпты құбылысқа айналдырған.

Ал жас ұлғайған сайын бұл көзқарас өзгереді. Мысалы, миллениалдардың шамамен 40%-ы әріптесінің 10 минутқа кешігуіне түсіністікпен қараса, X буынында бұл көрсеткіш 26%-ға дейін төмендейді. Ал бейби-бумерлер арасында тек 20%-ы ғана мұндай кешігуді қабылдайды.

Ең қатаң талап дәл осы аға буында. Зерттеу көрсеткендей, бейби-бумерлердің 70%-ы кез келген кешігуді мүлде қабылдамайды. Олардың түсінігінде келісілген уақыттан кейін келу – бірден кешігу болып есептеледі, тіпті бір минут болса да.

Бұл айырмашылық жұмыс мәдениетінде де байқалады. Егер басшыңыз аға буын өкілі болса, кешікпеу жай әдеп емес, кәсіби талап. Ал жастардың ортасында уақытқа жеңілірек қарау жиі кездеседі.

Тэгтер:

зерттеу жас кешігу