Ақтөбе облысында бұрынғы әкімнің мәйіті табылды

Бүгін, 17:45 / Алуа Арман
Фото: Диапазон

Ақтөбеде Кеңқияқ ауылдық округінің әкімі болған Қуанышбек Серікжанов өлі күйінде табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

 Диапазон сайтының мәліметінше, қайғылы оқиға оның қызметтен босатылғанынан бір күн өткен соң болған.

Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, ер адам өз-өзіне қол жұмсауы мүмкін. Оның денесі өз пәтерінен табылған.

Полиция департаменті бұрынғы әкімнің қазасына қатысты пікір білдірді.

«1983 жылы туған ер адамның қаза болу фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталды. Тергеу мүддесіне байланысты өзге ақпарат жарияланбайды», – деп хабарлады ведомство.

Мәліметке қарағанда, 4 мамыр күні шенеунік өз еркімен жұмыстан шығу туралы өтініш берген, ал 5 мамырда қызметінен босатылған. Сондай-ақ оның сырқат болғаны айтылды.

Қуанышбек Серікжановтың артында төрт баласы қалды. Бұған дейін ол Мәртөк ауданы Қаратоғай ауылдық округінің әкімі қызметін атқарған, ал 2023 жылдың қазан айынан бастап Кеңқияқ ауылдық округін басқарған.

Жергілікті тұрғындардың айтуынша, ол халықпен белсенді жұмыс істеп, әлеуметтік акциялар ұйымдастырған, соның ішінде мерекелерге орай әйелдерге арналған тегін қызметтер мен сапарларды қолға алған.

Тэгтер:

Әкім Ақтөбе облысы Кеңқияқ