Жамбыл облысында жеке сот орындаушысы 4 млн теңгені өз шотына аударып алған

Бүгін, 15:33 / Алуа Арман
istockphoto.com

Прокурорлар жеке сот орындаушысының мемлекет пен банк ұйымдарының пайдасына өндіруге тиіс қаражатты жымқырғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Атап айтқанда, борышкерлерден өндіріп алынған 3,9 млн теңге сомасындағы қаражат сот орындаушысы өзінің жеке шотына аударып, оны жеке қажеттіліктеріне пайдаланған.

Аталған фактілер прокурорлармен ҚК-нің 251-бабының 2-бөлігімен (жеке сот орындаушысының өкілеттігін қайталап теріс пайдалануы) бойынша қылмыстық істі тіркеуге негіз болды.

2026 жылғы 20 наурызда жеке сот орындаушыға қатысты қылмыстық іс сотқа жолданды.

Жалпы, ағымдағы жылдың 1-тоқсанының қорытындысы бойынша жүргізілген прокурорлық тексерулер мен талдаулар нәтижесінде 168 адам түрлі жауаптылыққа тартылды, оның ішінде 81 жеке сот орындаушы жазаланды.

Сондай-ақ, алимент төлеуден жалтарған 6 тұлғаға қатысты ҚР ҚК-нің 139-бабы (балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау) бойынша қылмыстық істер тіркелді.

Прокуратура қабылдаған шаралардың нәтижесінде жалпы сомасы 220 млн теңге берешек өтелді.

Прокуратура азаматтардың құқықтарын қорғау бағытындағы белсенді жұмысын жалғастырып, атқарушылық іс жүргізуге қатысушыларды қолданыстағы заңнама талаптарын сақтауға шақырады.

Тэгтер:

Жамбыл облысы жеке сот орындаушысы