Бірлік пен білім – ел дамуының басты негізі

1 мамыр, 2026 / Інжу Әлихан
ҚазҰУ-дың баспасөз қызметі

1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні – татулық пен тұрақтылықты, достық пен өзара сыйластықты дәріптейтін маңызды мереке. Бұл күн – көпэтносты Қазақстан халқының ортақ шаңырақ астында бірлік пен келісімде өмір сүріп жатқанын айқын көрсететін ерекше дата.

Қазақстан халқының бірлігі – мемлекетіміздің басты құндылықтарының бірі. Қазақ халқының кеңпейілдігі мен қонақжайлығы түрлі этнос өкілдерінің ел дамуына белсенді араласуына жол ашты. Бүгінде Қазақстандағы әрбір ұлт өкілі ғылым, білім, мәдениет салаларында жемісті еңбек етіп, ел өркендеуіне өз үлесін қосуда.

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті Шығыстану факультетінің Таяу Шығыс және Оңтүстік Азия кафедрасының доценті, филология ғылымдарының кандидаты Фатима Мамедова да осы бағытта табысты еңбек етіп жүрген білікті ғалымдардың бірі. Ол – 30-дан астам ғылыми мақаланың авторы, жас ұрпаққа сапалы білім беріп, шәкірттерін халықаралық және республикалық деңгейдегі білім додаларына дайындап жүрген тәжірибелі ұстаз.

Өзге ұлт өкілі бола тұра, қазақ тілін, мәдениетін, Абай мен әл-Фараби мұрасын ерекше құрметтейтін ғалым өз балаларын қазақ мектебінде тәрбиелеуді таңдаған. Бұл – мемлекеттік тілге, ұлттық руханиятқа деген шынайы құрметтің айқын көрінісі.

Бірлік пен білімді қатар ұстанған Қазақстан халқының болашағы жарқын, келешегі кемел.