Автосалон қызметкері компания мен клиенттердің 334 млн теңге тұратын көліктерін сатып жіберген

Бүгін, 10:54 / Алуа Арман
istockphoto.com

Тараз қаласының 25 жастағы тұрғыны автосалонда сату бөлімінің басшысы болып жұмыс істеген, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сонда әйел клиентті 90 млн теңге тұратын көлігін жаңасына ауыстырып беремін деп алдаған. Оның көлігін сатып жіберіп, ақшаны өзіне жаратқан, содан кейін басшылыққа білдірмей, автосалонға тиесілі құны 83 млн теңге тұратын жаңа көлікті оған беріп жіберген.

Сондай-ақ, аталған азамат автосалонда сатуға қалдырылған құны 68 млн және 34 млн теңге тұратын көліктерді сатып, ақшаны иемденген. Сонымен қатар автосалонға тиесілі құны 59 млн теңге жаңа Toyota Land Cruiser көлігін төмен бағамен сатып жіберген.

Сот оны аса ірі мөлшерде алаяқтық жасаған және басқа біреудің мүлкін иемденіп, жымқырғаны үшін кінәлі деп тауып, жазаны еңтөменгі шектен (7 жыл) төмен — 5 жыл 1 ай бас бостандығынан айыруға үкім шығарған, бұл ретте оның жас ерекшелігі және кінәсін ішінара мойындауы ескерілген.

Прокурордың қорытындысы бойынша кассациялық сот сот актілерін өзгертіп, бас бостандығынан айыру мерзімін 8 жылға ұлғайтқан, себебі келтірілген залал өтелмеген.

Дистрибьютордан көлік сатып алғанда шарттарды тексеріп, мөртаңбаларды салыстырып, ақшаның компанияның шотына түскеніне көз жеткізу қажет.

Тэгтер:

көлік автосалон