«Толағай боп туылмадым, әттең-ай... Атырауға әкелер ме ем бір тауды...» - деп кешін бастады қыр баласы. Бұл оның туған жері, киелі мекеніне деген шексіз сағынышы мен құрметінің көрінісі еді. Батыс өңірдің болмысын бойына сіңірген өнерпаз сол бір сәттен-ақ көрерменді өзінің сырлы әлеміне жетелей алды.
Бұл Ұлттық ұлан ән-би ансамблінің солисі Асхат Әмірғалидің жеке шығармашылық кеші. Бұл жанды дауысты жанына серік еткен, Табылды Досымовтың әндерін өзіндік мәнерде жаңғыртып жүрген әншінің көрерменмен сырласқан сәті еді.
Бұл — Атырау топырағында дүниеге келген, батысқа тән мінез бен мұңды бойына сіңірген өнерпаздың өмір жолы. Асхат Әмірғали — алты баланың кенжесі. Үйдің еркесі болып, ата-анасының мейіріміне бөленіп өскен бала үшін өнерге келу кездейсоқтық емес еді. Бәлкім, бетін қақпай, еркін өсірген тәрбиенің өзі оның жүрегіндегі әуенді ерте оятқан болар.
Сахнадағы сенімділік пен ішкі еркіндік — сол балалықтың жалғасы іспетті. Өнерпаз үшін бұл кеш тек концерт емес, өмірінің бір белесі еді. Өйткені бұл — оның екінші шығармашылық кеші. Ал алғашқы қадамын ол туған жерінде жасап, елінің батасын алған. Батыс жұртының ұйымшылдығы мен қолдауы — оның әрдайым тірегі. Сол қолдауды бұл жолы да сезінді: кешке арнайы келген анасы, жары, бауырлары оның әр әніне үнсіз демеу болып отырды.
Өнер адамы ғана емес, көпбалалы әке де — оның өмірінің ажырамас бөлігі. Бес баланың әкесі, үш ұл мен екі қыздың тірегі. Балалары да әке жолын жалғап, өнерге жақын, шығармашылыққа бейім. Әкесі көрген тәрбиені ол да жалғастырып келеді — бала жүрегіндегі ұшқынды өшірмей, еркін самғауына мүмкіндік береді.
Өміріндегі ерекше орын алатын жан — оның жары. Шабыттың қайнар көзіне айналған жан серігіне арнап жазылған «Аузынан айдың түскен қыз» әні — оның ішкі сезімінің көрінісі. Бұл туындыда тек махаббат емес, ризашылық пен құрметтің үні бар.
Өнер жолындағы алғашқы үлкен қадамдарында оған бағыт-бағдар берген тұлғалар да аз емес. Марқұм Арман Дүйсенов өнердегі жолын айқындауда үлкен рөл атқарып, оны Нұрлан Өнербаевпен таныстырған. Осы таныстық кейін шығармашылық байланысқа ұласып, «Өнеге» әні арқылы көрерменге жол тартты. Бұл кеште де сол ән дуэт ретінде орындалып, сахнадағы шынайы әріптестік пен сыйластықтың көрінісіне айналды.
Концерт барысында өнердегі әріптестері де сахна төріне шығып, Асхатқа жүрекжарды лебіздерін арнады. Бұл — тек әріптестік емес, өнердегі шынайы құрмет пен бауырмалдықтың белгісі еді.
Ал Ұлттық ұлан сапындағы қызметі — оның өмірінің тағы бір маңызды бөлігі. Алты жыл бойы елге қызмет етіп келе жатқан Қазақстан Республикасы ІІМ Ұлттық ұланы қатарындағы өнерпаз үшін сахна мен қызмет — егіз ұғым. Ол өнер мен тәртіпті, сезім мен жауапкершілікті қатар алып жүрген жан.
Бұл кеш — тек ән кеші емес. Бұл — бір адамның тағдыры, туған жерге деген сағынышы, отбасына деген махаббаты мен өнерге деген адалдығы тоғысқан сәт. Осындай сәттер арқылы көрермен тек ән тыңдап қана қоймай, бір жүректің соғысын сезіне алды.
Жанерке Мұратқызы