Жыл соңына дейін 40 мыңдай ескі көлікті қабылдауға квота бөлінеді

Жыл соңына дейін 40 мыңдай ескі көлікті қабылдауға квота бөлінеді

Жыл соңына дейін 40 мыңдай ескі көлікті қабылдауға квота бөлінеді
ашық дереккөзі
Павлодар облысында жоюға қабылданған көліктердің саны бір мыңға жуықтады, – деп хабарлайды 24.kz арнасы. Арнаның хабарлауынша, олардың ең көнесі 1957, ал жаңасы 2007 жылы шығарылған. Аймақ бойынша ескі көлігін өткізгендерге 127 миллион теңгеден астам қаражат бөлініпті. Жалпы республика аумағында жыл аяғына дейін 40 мыңдай ескі көлікті қабылдауға квота бөлінбек. Жарамсыз көліктер арнайы машинаның көмегімен брикетке айналады. Ары қарай Қарағандыда салынып жатқан «кәдеге жарату» зауытына жіберіледі.  Ескі көліктерді жоятын шрейдерлік зауыт жоспарға сай осы жылдың маусым айында іске қосылуы тиіс. Ал өңірде тозығы жеткен көліктерді тапсыруға әлі де ниет білдіріп жатқандар бар. Олар үшін электронды кезек жүйесі енгізілген. Көлік иелері Call-орталыққа хабарласып ақпарат алады. Немесе электронды жүйе бойынша кезекке тұрады. Күніне 10 көлікке дейін қабылданады. «Павлодар облысы бойынша бүгінгі таңда 848 автокөлік қабылданды. Бұл мақсатқа осы өткізілген автокөлік иелеріне 127 миллион теңгеден астам қаражат бөлінген. Енді мына ескі көліктерді сығымдайтын машина жұмысын бастады. Өздеріңіз көріп тұрғандай, көліктер брикеттеліп сығымдалады», – дейді ҚР Энергетика министрлігінің «ӨКМ» ЖШС өкілі Жомарт Рахымжан. Жоба жұмысын бастаған жарты жыл мерзімде еліміз бойынша 13 мыңнан астам көлік қабылданып, иелеріне 2 миллиард теңгеге жуық қаржы төленген. Енді жарамсыз көліктерді тапсырушыларға сертификат беру бағдарламасы іске қосылады. Жаңа бағдарлама Қазақстанда құрастырылған су жаңа автокөліктерді жеңілдікпен сатып алуға мүмкіндік береді.