Белгілі композитор Арман Дүйсеновтің туған күніне орай оның жақындары естелік жазба жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Олар өнер иесінің өмірден өтсе де, жарқын бейнесі мен мұрасы халық жадында сақталғанын атап өтті.
«Кеше әкеміз Арман Дүйсеновтің туған күні болды. Ол арамызда болмаса да, үні де, күлкісі де, артында қалдырған ізі – біздің жүрегімізде тірі», – делінген жазбада.
Марқұм композитордың жақындарының айтуынша, ол көпшілік үшін – дарынды өнер иесі, қазақ музыкасына бар ғұмырын арнаған тұлға болса, отбасы үшін – арқа сүйер әке, шаңырақтың тірегі болған.
«Көпке – дарын иесі, композитор, қазақ музыкасына өмірін арнаған жан. Бізге – әке, тірек, үйдің берекесі», – деп жазды олар.
Сондай-ақ отбасы мүшелері оны үнсіз еске алып, сағынышпен еске алатынын жеткізді.
«Бүгін де оны үнсіз еске аламыз. Құрметпен. Алғыспен. Сағынышпен», – деп түйіндеді жақындары.