Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің татамиге нақты қашан оралатыны белгілі болды

5 мамыр, 2026 / Жамбыл Жайлау
olympic.kz. Суретте: Елдос Сметов

2024 жылғы Париж Олимпиадасының чемпионы Елдос Сметов Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam турниріне қатысады. Бұл туралы Қазақстан дзюдо федерациясының баспасөз қызметі мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ресми мәліметке сәйкес, бұл жарыс жанкүйерлер үшін ерекше оқиға болмақ. Себебі Олимпиададан кейін ұзақ үзіліс алған танымал спортшы татамиге қайта оралады. Бұл оның басты халықаралық додадағы алғашқы өнер көрсетуі саналады.

Сонымен қатар көрермендер Елдос Сметовті алғаш рет дзюдодағы ең жоғары мәртебе саналатын алтын нашивкасы бар арнайы кимоно киіп шығатын сәтін тамашалай алады.

Айта кетейік, Елдос Сметов – әлемдік деңгейдегі спортшы. Ол Олимпиада ойындарында толық медаль жиынтығын жеңіп алған: алтын (Париж-2024), күміс (Рио-2016) және қола (Токио-2020). Сондай-ақ 2015 жылғы әлем чемпионы және 2019, 2022 жылдардағы әлем біріншіліктерінің қола жүлдегері.

Астанада өтетін Qazaqstan Barysy Grand Slam – 2026 турнирі 8-10 мамыр аралығында Жақсылық Үшкемпіров атындағы Жекпе-жек сарайында ұйымдастырылады.

Тэгтер:

дзюдо Елдос Сметов