Оқиға 1 мамыр күні Бұқар жырау ауданына қарасты Ақтөбе ауылында болған. Зардап шеккен бала иығынан ауыр тістелген жарақаттармен шұғыл түрде ауруханаға жеткізілген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Баланың анасының айтуынша, жануар олардың үйінің ауласында ұлына тап берген.
— Ұлымды бірден ауруханаға алып кетті. Ол эпилепсиямен ауырады, дәл сол сәтте ұстама басталып кетсе немесе ит өмірлік маңызды ағзаларына зақым келтірсе не боларын елестетудің өзі қорқынышты, — деді анасы.
Ол сондай-ақ иттің мектеп маңында өмір сүретінін айтып, басқа балалардың қауіпсіздігіне алаңдайтынын жеткізді.
Бұқар жырау ауданы әкімдігінде шабуыл фактісі расталды. Ресми мәлімет бойынша, зардап шеккен — 2014 жылы туған бала. Аудандық әкімдік мәліметінше, иттің иесі — 52 жастағы жергілікті тұрғын әйел. Оған қатысты әкімшілік хаттама толтырылған.
Дәрігерлердің айтуынша, балада сол жақ иық буыны мен иықтың жоғарғы бөлігінде кең көлемді жарақаттар анықталған. Оқиға болған күні дәрігерлер жараға алғашқы хирургиялық өңдеу жүргізді. Қазіргі уақытта бала облыстық балалар ауруханасында ем қабылдауды жалғастырып жатыр.
Қарағанды облысының полиция департаменті мәліметінше, аталған дерек бойынша әкімшілік іс қозғалды.
— Зардап шеккеннің емі аяқталғаннан және қажетті процессуалдық шаралар жүргізілгеннен кейін түпкілікті шешім қабылданады, — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Сондай-ақ полиция әлеуметтік желілерде тараған ит иесі құқық қорғау органдарының қызметкері деген ақпаратты жоққа шығарды. Ведомствоның мәліметінше, бұл ақпарат шындыққа сәйкес келмейді.