Ақтөбе тұрғыны анасын сабап, екі қабырғасын сындырған

Бүгін, 14:25 / Алуа Арман
istockphoto.com

Ақтөбеде өз анасын аяусыз соққыға жыққан 35 жастағы ер адамға үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Оқиға қыста болған. Ер адам алкоголь ішіп, есірткі шегіп, үйіне келген. Үйінде анасы құрбысымен бірге отырған.

Ол қонақ әйелді екі рет жұдырықпен бетінен ұрып, үстелді аударып жіберген. Анасы құрбысын қорғап араша түскен кезде, ұлы оған да шабуыл жасаған: бетінен ұрып, жерге құлатып, қабырғаларынан тепкілеген, кейін көтеріп алып, тұншықтыра бастаған. Әйелдің тынысы тарылып, ол ұлынан тоқтауын сұраған.

Жәбірленушілер сыртқа шығып, полиция шақыра алған. Сот-медициналық сараптама анасының екі қабырғасының сынғанын анықтады. Айыптау орташа ауырлықтағы денсаулыққа қасақана зиян келтіру бабы бойынша тағылды.

Сотта ер адам кінәсін толық мойындап, болған жағдайды анасының спирттік ішімдік ішкенімен түсіндірген. Жәбірленуші болған оқиғаны егжей-тегжейлі баяндап берді, алайда соңында ұлын кешіретінін айтып, істі тоқтатуды сұрады.

Сот айыпталушыны 400 сағат қоғамдық жұмысқа тарту жазасына кесті. Үкім жарияланғаннан кейін ол бірден қамаудан босатылды. Бұған дейін ол екі ай тергеу изоляторында болған.

Тэгтер:

Ақтөбе ана ұл қабырға ұру сындыру сабау