Өскемендегі металлургиялық кәсіпорында болған төтенше жағдай салдарынан екі адам қаза тауып, тағы бесеуі жарақат алды, деп хабарлайды turkystan.kz.
«Алдын ала мәлімет бойынша, түтін сорғышты тазалау жұмыстары кезінде жарылысқа ұқсас дыбыс шығып, кейін өрт туындап, құрылымдар ішінара опырылған. Оқиға салдарынан екі адам қаза тауып, бесеуі жарақат алды. Зардап шеккендерге қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Оқиға орнында жедел қызметтер жұмыс істеп жатыр, салдарын жою шаралары жүргізілуде. Жан-жақты әрі объективті тексеру жүргізу үшін арнайы комиссия құрылды. Оқиғаның себептері мен мән-жайы тергеу қорытындысы бойынша анықталады», - делінген хабарламада.
Сондай-ақ компания қаза болғандардың отбасыларына және зардап шеккендерге барлық қажетті көмек, соның ішінде материалдық және психологиялық қолдау көрсетілетінін мәлімдеді.
«Компания қаза тапқандардың туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтады.
Сонымен қатар уәкілетті органдар қоршаған ортаға әсерін бағалауда. Алдын ала деректерге сәйкес, рұқсат етілген нормадан аспайтын, қауіпті ластаушы заттарсыз жергілікті деңгейде шаң таралуы тіркелген», - делінген жазбада.