Ақтаулық өнерпаздар Бакудегі халықаралық фестивальде топ жарды

Бүгін, 11:00 / Інжу Әлихан
Маңғыстау облысы ҚКО

Әзербайжанның Баку қаласында өткен International Festival «Harmony of Art by LKS Baku Spring – 2026» халықаралық өнер фестивалінде Қазақстанның Ақтау қаласындағы «Шабыт өнер-білім академиясының» шәкірттері жоғары нәтижеге қол жеткізіп, байқауда топ жарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Халықаралық өнер додасына Әзербайжан, Ресей, Қырғызстан және Қазақстан мемлекеттерінен келген жас өнерпаздар қатысып, өз елдерінің мәдениетін кеңінен таныстырды. Байқау барысында академия шәкірттері қазақтың дәстүрлі күй өнері мен ұлттық орындаушылық мектебін кәсіби деңгейде паш етіп, төл өнерімізді халықаралық сахнада лайықты дәріптеді. Домбыраның күмбірлеген үні арқылы халқымыздың бай рухани мұрасы насихатталып, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.

Байқау қорытындысы бойынша «Шабыт өнер-білім академиясының» шәкірттері 6 бас жүлде, 5 бірінші орын, 13 екінші орын және 3 үшінші орын иеленді. Осылайша, жалпы 27 жүлделі орынға қол жеткізген өнерпаздар халықаралық фестивальде командалық есеп бойынша үздік нәтиже көрсетіп, топ жарды. Айта кету керек, шәкірттердің бұл зор жетістігіне Қазақстан Республикасының қоғам қайраткері, «Намыс» төсбелгісінің иегері, күйші, дирижер, «Шабыт өнер-білім академиясының» негізін қалаушы Бердіғали Қуанышқалиұлы жетекшілік етті.