«Бес мың теңгеге бола өлтірді»: Алматыда көз жұмған жасөспірімнің туыстары жанайқайын айтты

Бүгін, 06:59 / Нұрлан Әлинұр
Видеодан скриншот

Алматыда жаппай төбелес салдарынан көз жұмған екі бозбаланың жақындары марқұмдарды ақтық сапарға шығарып салды. Жас жігіттердің жақындары олардың өліміне қатысты КТК телеарнасына тың деректер айтты.

Қаза тапқан балалардың бірі — Дінмұхаммед Есенкелді. Жасы 17-де. Өскенде тергеуші болуды армандаған Димаш заң факультетіне оқуға түскен. Алайда жақындары "қаскөйлер ақкөңіл ұлымыздың асқақ арманын өзімен қоса көкке ұшырды" деп жылап отыр. Марқұмның әкесі Натан кенжесінің мүрдесін мәйітханадан өз қолымен әкетіпті. Ұлының жүрек тұсы мен иығындағы пышақ жарақатын сол кезде байқаған.

"Таңертең сағат 9-да хабар келді. Суық хабар келді. Кешкісін жұмысқа кеткен, содан, мінекей, баламды мәйітханадан алып қайттым", - дейді марқұм Дінмұхаммедтің әкесі Натан Әбдірасылов.

Дінмұхаммед оқиға болмастан, бір апта бұрын әпкесіне Әкежан есімді жігіттің қыр соңынан қалмай, ақша бопсалап жүргенін айтыпты. Осы жайттың төбелеске "тікелей қатысы бар" дейді туыстары. Себебі, тергеушілер, де Димашқа пышақ сұғып ажал құштырған дәл осы Әкежан екенін айтқан.

"Әпке, менен Әкежан деген бала қыс айынан бастап аптасына 5 мың теңге маған әкеп тұр" деген. Армиядағы секілді әлімжеттік қой. "Әпке, ешкімге айтпаңыз, мен еркекпін, өзім шешем", - деді. Сол кезде өзім де ерте қимылдасам, Құдайдан маған келген белгі шығар. Ерте қимылдасам, інімді тірі алып қалар ма едім? Бес мың теңгеге бола, адам өлтіретін заманға келіппіз", - дейді марқұм Дінмұхаммедтің әпкесі Айдана Есенкелді.

Төбелестің нақты неден басталғаны, қай жерде болғаны туралы ақпарат әзірге айтылмады. Алғаш жанжал шықты делінген компьютер клубының есігі қазір жабық. Сол маңдағы дүкен сатушылары да оқиға болған түннің келесі күні қан іздерін байқағанын айтты. Ал полиция кінәлілердің бірі де жауаптан сытылып кетпейді деп сендірді. Өйткені қанды қылмысқа қатысты тергеу тікелей ішкі істер министрлігінің бақылауында.