"Көп адам қарсы болды": Меруерт Өтекешова "Қыз Жібектің" қамзолына қатысты пікір білдірді

Бүгін, 23:39 / Жамбыл Жайлау
politico.kz коллажы

Кеңес және қазақстандық танымал актриса Меруерт Өтекешова журналист Майя Бекбаеваға берген эксклюзив сұхбатында "Қыз Жібек" фильміндегі қамзолға қатысты қоғамда талқыланған мәселеге пікір білдірді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сұхбат YouTube платформасында жарияланған. Актрисаның айтуынша, қайта құру жылдары кино түсірілімдеріндегі көптеген костюмдер жоғалып кеткен.

Ол "Қыз Жібек" фильміндегі әйгілі қамзолды экранға шыққаннан кейін араға ондаған жыл салып Баян Алагөзованың үстінен алғаш рет көргенін атап өтті.

Меруерт Өтекешова бұл киімді халықтың мәдени мұрасына жатқызатынын айтып, оның міндетті түрде сақталып, музейге тапсырылуы қажет екенін жеткізді.

"Көп адам оның қамзолды кигеніне қарсы болды. Бірақ шығармашылық адамы үшін эмоцияға берілу – қалыпты жағдай. Әдемі, сақталған дүние екенін көргенде, ішкі қуанышпен киген шығар. Бұл – жай ғана әсер", – деді актриса.

Сондай-ақ ол Баян Алагөзованың бұл жәдігерді болашақта сақтап, музей қорына тапсыратынына сенім білдірді. Оның пікірінше, қамзол жеке музейде немесе Ұлттық музейде сақталуы мүмкін.

Актриса бұған дейін тараған "қамзолды Меруерт Өтекешова сыйлаған" деген ақпараттың шындыққа сәйкес келмейтінін де нақтылады.

Тэгтер:

Баян Алагөзова Меруерт Өтекешова