Германиядағы Штутгарт табиғат тарихы мұражайы Бразилияға сирек динозаврдың бас сүйегін қайтаруға келісті. Бұл шешім бірнеше жылға созылған келіссөздер мен халықаралық қысымнан кейін қабылданды. Мұндай жағдайлар қазба қалдықтарының заңсыз айналымы тәжірибесінде сирек кездеседі, деп хабарлайды turkystan.kz The Guardian-ға сілтеме жасап.
Бұл олжа 1991 жылы мұражайға жеке тұлғалардан түскен. Ғалымдардың айтуынша, бас сүйек Оңтүстік Америкадағы Ромуальдо геологиялық формациясынан табылған және ерте бор кезеңінде (шамамен 113–110 млн жыл бұрын) өмір сүрген жыртқыш спинозавридің бас сүйегі.
Алайда табылған қалдық бастапқыда қатты бүлінген. Оны сатқан адамдар сүйектерді гипспен жөнсіз біріктіріп, «тауарлық» кейіпке келтіруге тырысқан. Осыған байланысты 1996 жылы жаңа түр сипатталған кезде оған Irritator challengeri деген атау берілді. «Irritator» (яғни «тітіркендіргіш») сөзі зерттеушілердің ашуын білдірсе, «challengeri» атауы Артур Конан Дойл шығармасындағы профессор Челленджерге сілтеме жасайды.
Кейін бұл олжа халықаралық дауға себеп болды. Себебі Бразилия заңнамасына сәйкес, палеонтологиялық табыстар мемлекет меншігі болып саналады және оларды елден шығару үшін арнайы рұқсат қажет. Осыған байланысты елде артефактты қайтару үшін қоғамдық және ғылыми кампания жүргізілді.
2026 жылдың сәуірінде Германия мен Бразилия билігі бірлескен мәлімдеме жасап, қазба қалдықты тарихи отанына қайтаруға уағдаласты. Алайда нақты қайтару мерзімі әлі жарияланған жоқ.
Сарапшылардың пікірінше, бұл оқиға – музей қорларында сақталған даулы артефактілерді қайтару ісіне оң үлгі бола алады. Бүгінде Еуропа мен АҚШ-тағы ғылыми мекемелерде шығу тегі күмәнді көптеген қазба қалдықтары сақтаулы, ал оларды тарихи отанына қайтару жағдайлары әлі де сирек кездеседі.