Таңқурайдың тағы бір пайдасы анықталды

Бүгін, 18:15 / Ербұлан Қайрат
сурет: istockphoto.com

Қытайдың Чжэцзян медицина университетінің ғалымдары таңқурай сығындысының бауыр мен ішекке пайдалы әсерін анықтады. Зерттеу нәтижелері Frontiers in Nutrition журналында жарияланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәжірибе барысында ғалымдар тышқандарға 12 апта бойы майлы тағам беріп, метаболикалық майлы бауыр ауруының моделін жасаған. Кейін жануарлардың бір бөлігіне таңқурайдың су негізіндегі сығындысы берілді. Нәтижесінде осы топта бауырдың зақымдану белгілері азайып, тіндердегі май жиналуы төмендеген және липид алмасуы жақсарған.

Зерттеушілер бұл әсерді ішек микробиотасына ықпалымен байланыстырады. Таңқурай сығындысы пайдалы бактериялардың, соның ішінде Ileibacterium түрінің көбеюіне ықпал етіп, ішек тосқауылын күшейткен. Бұл тосқауыл ағзаға зиянды заттардың өтуінен қорғайды.

Сонымен қатар, тәжірибеде инозин деңгейінің артқаны байқалған. Бұл – зат алмасуға қатысатын молекула. Зертханалық жағдайда ол бауыр жасушаларында майдың жиналуын азайтып, қабыну мен тотығу стрессін төмендеткен.

Ғалымдар әзірге бұл нәтижелер тек доклиникалық деңгейде екенін атап өтеді. Соған қарамастан, таңқурай болашақта бауыр саулығын қолдауға арналған функционалды тағамдардың негізі болуы мүмкін.

Тэгтер:

таңқурай