Байзақ ауданының прокуратурасы кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғау саласында, оның ішінде алимент бойынша берешектерді өндіру бағытында тексеріс жүргізіп, нәтижесінде заң талаптарының бұзылғанын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Аталған бұзушылықтарды жою мақсатында Жамбыл облысының жеке сот орындаушылары өңірлік палатасына прокурорлық қадағалау актісі енгізілді.
Прокуратура актісі негізінде жан-жақты шаралар қабылданып, бірқатар борышкерлерден алимент берешектерін өндіру қамтамасыз етілді.
Атап айтқанда, қысқа мерзім ішінде 2018-2021 жылдар аралығында қалыптасқан 1,4 млн теңге көлеміндегі алимент берешегі борышкерден балалардың пайдасына өндірілді.
Аудан тұрғыны бұзылған құқықтарын қалпына келтіруге көрсетілген көмек үшін прокуратура органдарының қызметкерлеріне алғыс білдіріп, облыс прокурорының атына алғыс хат жолдады.
Жалпы, енгізілген прокурорлық қадағалау актісінің нәтижесінде өндіріп алушылардың пайдасына 7 млн теңгеден астам қаражат өндірілді.
Қабылданған шаралар алимент төлеу міндеттемелерінің бұлжытпай орындалуын қамтамасыз етуге және кәмелетке толмағандардың құқықтарын қорғауға бағытталған.