Тараз қаласында Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау фактісі бойынша азаматша Е.-ге қатысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сот азаматша Е.-нің кәмелетке толмаған ұлы Тараз қаласында бағдаршамда жүргізушілерден қайыр сұрап, қайыршылықпен айналысып жүргенінде полиция қызметкерлерімен ұсталғанын анықтады. Баланың 16 жасқа толмауына байланысты хаттама оның анасына қатысты толтырылды.
Хаттамадан басқа, кінә іске қатысушылардың айғақтарымен және түсініктемелерімен расталды.
Азаматша Е. кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдірді.
Сот кінәні мойындауды, шын жүректен өкінуді және ауырлататын мән-жайлардың жоқтығын ескере отырып, айыппұл сомасын 30%-ға азайтты.
Сот қаулысымен Е. кінәлі деп танылып, оған 60 мың теңге көлемінде айыппұл тағайындалды.