Атырау облысы Жылыой ауданында 27 шетел азаматы ел аумағынан шығарылды, деп хабарлайды Ішкі істер министрлігі.
Жылыой ауданының Теңіз қалашығында көші-қон қызметі шетел азаматтарының Қазақстанда болу заңдылығын тексеру мақсатында кешенді алдын алу іс-шараларын жүргізді.
Іс-шара барысында ел аумағында болу тәртібін бұзған 27 шетел азаматы ел аумағынан тысқары шығарылды. Оларға Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 517-бабы 5-бөлігіне сәйкес әкімшілік хаттамалар толтырылып, материалдар Жылыой аудандық сотына жолданды.
Сонымен қатар көші-қон заңнамасының сақталуын қамтамасыз ету мақсатында шетел азаматтары мен оларды қабылдаушы тұлғалар арасында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.