«Қазгидромет» РМК бүгін, 2 мамырда еліміздің барлық өңірінде қолайсыз ауа райына байланысты дауылды ескерту жариялады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Синоптиктердің мәліметінше, республиканың барлық облыстары мен Астана, Алматы және Шымкент қалаларында қауіпті метеорологиялық құбылыстар тіркелуі мүмкін.
Көптеген өңірлерде жаңбыр, найзағай, бұршақ және қатты жел күтіледі. Желдің екпіні кей жерлерде 20–28 м/с дейін жетуі ықтимал.
Астанада түнде жаңбыр мен найзағай, Алматыда күндіз қысқа мерзімді жаңбыр мен найзағай болжанған. Шымкентте таңертең және күндіз жауын-шашын болады.
Оңтүстік және таулы аймақтарда, әсіресе Түркістан, Жамбыл және Жетісу облыстарында найзағаймен қатар бұршақ пен дауыл болуы мүмкін. Кей өңірлерде өрт қаупі жоғары деңгейде сақталады.
Солтүстік және батыс облыстарда да жел күшейіп, тұман мен аздаған аяз байқалуы ықтимал. Ал Қарағанды, Павлодар және Ақмола облыстарында найзағай мен жауын-шашын күтіледі.
Мамандар тұрғындарды ауа райының күрт өзгеруіне байланысты қауіпсіздік шараларын сақтауға шақырды.