Ұлттық қауіпсіздіктің алтын қазығы

Бүгін, 15:45 / Ербұлан Қайрат
сурет: GOV.KZ

Бүгінгі жас – ертеңгі ел қорғаны. Жастарды Отан қорғауға тәрбиелеу – кез келген елдің ұлттық қауіпсіздігінің негізгі іргетасы. Бұл бағытта әлемнің дамыған мемлекеттері айрықша көңіл бөлуде. Қазақстан үшін де әскери-патриоттық тәрбие мәселесі аса өзекті. 

Әлемдік үлгілер: жастар және әскери тәрбие

Әскерге шақыру және жастарды Отан қор­ғауға баулу көптеген елде маңызды әлеу­меттік институт ретінде қарастырылады. Елдің қорғанысын қамтамасыз етуде әскери міндеттілік принципін ұстанатын ел көп. Израиль, Түркия, Сингапур, Қытай, Кипр және Грекияда әскерге бармаған азаматқа айыппұл салып, қоғамдық жұмысқа тар­та­ды. Тіпті, қылмыстық жауапкершілік ар­қа­лауы мүмкін. Әскери қызметтің маңыз­ды­лы­ғын түсінген бұл елдерде әскери дайын­дық­қа үлкен мән береді.
АҚШ-тың бұрынғы Қорғаныс министрі, ге­нерал Джеймс Мэттис: «Патриотизм – тек сөз емес, ол – әрекет. Әскердегі әр сарбаз өз елі­нің мәдениеті мен құндылығын қорғау­шысы», – деп әскери қызметтің маңызын сөз етеді.
Осы АҚШ-та әскери-патриоттық жұ­мыс мемлекеттік деңгейде және жеке сек­тордың қатысуымен жүргізіледі. Ресми Ва­­­шингтон жастардың әскерге ынтасын арт­тыру үшін түрлі бағдарлама ұсынады. Мә­селен, әскерге қабылданар алдында жас сар­баздарды психологиялық және физи­ка­лық тұрғыда дайындайтын DEP және Future Soldier Program бағдарламасы бар. Орта мектеп оқушыларына арналған әскери-пат­риот­тық JROTC, студенттерді әскери офи­цер­лік қызметке ынталандыратын ROTC бағдарламасы жүйелі жұмыс істейді.  
Әскери-патриоттық жұмыстар әр елде өзін­дік ерекшелігі мен дәстүріне сай жүзеге аса­ды. Оңтүстік Кореяда әскерге шақырыл­ған­дар үшін арнайы патриоттық тәрбие бағ­дарламасы мен әскери оқу курсы ұйым­дас­тырылады, ал Германияда әскери қызмет мін­детті болмаса да, патриоттық тәрбие үл­кен мәнге ие. Сингапурда әскери қыз­мет­тің беделі жоғары болғандықтан жастар бар­лық дайындықты толықтай және ын­тамен өтеді.
Қытайда да патриоттық тәрбие мен әс­кери қызметке ерекше көңіл бөлінеді. Бұл ел­де жастарды әскери қызметке тарту және Отан қорғау сезімін қалыптастыру үшін түр­лі әлеуметтік бағдарлама мен ақпарат­тық науқан жүргізіледі. Өзбекстанда мек­теп­тердің жоғары сынып оқушыларын қам­титын «Ватан Таянчи» әскери-патриот­тық қозғалысы құрылып, табысты жұмыс істеуде. Бұл қозғалысқа тікелей Қорғаныс ми­нистрінің орынбасары жетекшілік етеді. Қоз­ғалыс жастарды патриоттық рухта тәр­биелеудің негізгі қайнары.
Әлемдегі ең қуатты әскери әлеуетке Үн­дістан ие. Онда 2,6 миллион сарбаз бар. Ал Қы­тайда 2,5 миллион әскер болса, АҚШ әс­кері 2,1 миллион. Солтүстік Корея, Пәкістан, Ұлы­британия және Ресейде миллионнан астам әскер бар. Бұл елдер әлемдік қауіп­сіз­дікке ықпал етуге және қорғаныс қабілетін арт­тыруға бағытталған стратегиялық күш­терді дамытуды жалғастыруда.
GlobalFirepower компаниясының есеп­теуінше, Қазақстанда 110 мың әскер бар. Бұл көрсеткіш бойынша 2024 жылғы рей­тинг­те Қазақстан 46-орында тұр. Беларусь 63 мың әскермен 65-орын алады, Армения 57,5 мың әскермен 67-орында, Өзбекстан 48 мың әскермен 74-орынға ие. Ал Түркі­менстан 36,5 мың әскермен 86-орында, Қыр­ғызстан (23 мың) 103-орыннан көрі­не­ді. 

Қазақстанда әскери патриотизмді жаңғырту жолы

Әскери патриотизмді жаңғырту және жас­тар арасында әскери-патриоттық рухты қа­лыптастыру – бүгінгі Қазақстан қоға­мы­ның маңызды міндетінің бірі. Мемлекет тарапынан жасалып жатқан қадамдар, атап айтқанда әскери-патриоттық клубтың ашы­луы, мектептерде алғашқы әскери дайын­дық пәнінің рөлінің артуы және «Айбын» республикалық жастар жиынының ұйымдастырылуы қуантарлық жағдай. 2024 жыл­ғы мәлімет бойынша 18-27 жас ара­лы­ғындағы азаматтардың әскерге шақырылу деңгейінің 70 пайызға жетуі де жастардың Отан алдындағы борышын сезінуге деген ын­тасының артқанын көрсетеді.
Дегенмен әскери қызметтің әлеуметтік беде­лінің барлық өңірде бірдей болмауы, көптеген өңірде әскери-патриоттық клуб­тардың материалдық-техникалық база­сы­ның әлсіздігі және жастар арасында әскери мамандықтар туралы ақпараттың жеткілік­сіздігі сынды түйткілді мәселелер әлі де бар. Бұл мәселелерді шешу үшін мемлекет пен қо­ғамның бірлескен күш-жігері қажет.
Сарапшылардың пікірлері бұл бағыт­та­ғы жұмыстардың маңыздылығын көр­се­теді. Халық қаһарманы Бақытжан Ертаев­­тың әс­кери патриотизмді ұлт ру­хын көтеретін басты құндылық ретінде қарас­тыруы және жас буынның Отан қор­ғауды мәртебе ре­тінде сезінуі керек еке­нін атады. Ал Қазақ­стан Қарулы Күш­терінің бұрынғы Бас шта­бының бастығы Мұрат Бектановтың сөзін­ше, әскери тәр­бие мектептен басталуы ке­рек. Пар­ла­мент Мәжілісінің депутаты Жар­қынбек Аман­тайұлы «Жас сарбаз» қоз­ғалысының мәр­тебесін арттыруда Қор­ға­ныс министр­лігімен тікелей байланысын арттырып, оған барлық жоғары сынып оқу­шыларын тартып, олардың бойында отан­шылдық пен елшілдік қасиетін сіңіруге басымдық беру керек екенін көтерді.
Жастардың патриоттық сезімін тек мек­тепте ғана емес, отбасы мен қоғамда да­мыту маңызды. Өкінішке орай, қазіргі жас­тардың көпшілігі әскери өмір мен қыз­метке қызығушылық танытпайды. Бұған мектептегі әскери-патриоттық тәрбиенің жеткіліксіздігі, әскери мамандықтар туралы ақпараттың аздығы және әскери қызметтің маңыздылығы туралы түсініктің төмендігі себеп болуда.
Әлеуметтік желі жастардың негізгі ақ­па­рат көзіне айналғанын ескерсек, ондағы кей­бір жағымсыз контент әскери қызметтің қадір-қасиетін түсінуіне кедергі келтіруде.
Генерал-майор Әлімжан Ерниязов атап өт­кендей, бұл проблеманы шешудің бір­не­ше жолы бар.  
Біріншісі, әскери-патриоттық тәрбиені мек­тептен бастау керек. Оқушыларға Отан қор­ғаушыларының ерлігін дәріптейтін жүйе­лі бағдарлама ұйымдастыру, оны тек тео­риямен шектемей, әскери оқу-жат­тығу­лар, экскурсиялар, әскери тарих мұра­жай­ларына бару және ұлттық мерекелер мен әскери марштар сияқты практикалық іс-шаралармен толықтыруы тиіс.
Екіншісі, әскери қызметтің беделін арт­тыру маңызды. Әскери қызметшілердің ең­бек және әлеуметтік жағдайын жақсарту, олар­ды құрметтеу және қолдау көрсету, қо­ғам­да әскери мамандықтың маңыздылы­ғы туралы ақпаратпен қамту қажет.
Үшіншісі, әскери қызметті заман та­лабына сай өзгерту міндеті тұр. Жастар үшін инновациялық бағдарламалар мен цифр­лық құралдарды (мысалы, әскери қыз­метке виртуалды дайындық платфор­ма­лары) енгізетін уақыт келді.
Бұл ұсыныстарды жүзеге асыру арқылы Қа­зақстанда әскери патриотизмді жаңғыр­туға және жастардың Отанға деген сүйіс­пен­шілігін арттыруға мүмкіндік бар.

P.S. 
Жастардың әскери-патриоттық тәрбиесі – ұлттық қауіпсіздіктің алтын қазығы. Бұл жолда тек мемлекет емес, әрбір отбасы, әрбір ұстаз, әрбір азамат үлес қосуы тиіс. Тек бірге әрекет еткенде ғана біз болашаққа нық қадам баса аламыз. 

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ