Екінші дүниежүзілік соғыс туралы естелік те, зерттеу де, айтылар аңыз бен айтылмаған ақиқат та көп. Ресми деректерде елімізден соғысқа 1 миллион 200 мың адам аттанып, соның 600 мыңнан астамы қан майданда қаза тапқан. Бұл сол кездегі Қазақстан халқының 11,2 пайызы еді... Майдан даласынан жазылған хаттар туралы көп оқыдық. Соғысқа қатысқан қазақ қаламгерлерінің естеліктері мен соғыс кезінде жазған хаттары көп. Ал қарапайым әскерлердің күнделігі некен-саяқ. Бүгін газетімізге қарапайым жауынгер күнделігін жариялап отырмыз.
Ақтөбе облысы Ойыл ауданы Қараой ауылының тумасы Қайыржан Мұхтаров (1914-1998) екі бірдей соғысқа қатысқан. 1940 жылы Финн соғысына қатысып, кейін Екінші дүниежүзілік соғысқа аттанған. Жастайынан зерек, математикаға бейім жауынгер соғыста ұшақтарды атып түсірумен айналысып, көп ерлік жасаған. Ерлігі үшін Даңқ орденімен марапатталған. Соғыс өртінде от кеше жүріп, күнделік жазу жауынгердің білімді, ұқыпты әрі көп дүниеден хабардар болғанын айғақтайды. Оның күнделігінен ұрыс кезіндегі нақты ахуалдан сырт, соғыс стратегиясын, географиялық және тарихи мәліметтерді кезіктіруге болады. Шағын күнделікке осы саланы зерттеуші тарихшылар арнайы назар салуы керек деп ойлаймыз. Себебі 600 мың адамынан айырылған Отанымыздың әр сарбазының тарихы құнды. Жауынгер күнделігін өз жазу мәнерімен ықшамдап ұсынып отырмыз.
21.06.1941 ж. күні кешкі тамақтан кейін 15 адамды асханаға картошка тазартуға жіберді. Соның бірі мен едім. Картошканы ертеңгі сағат 5-те тазартып болдық. Осы түні қабағымызды қаққанымыз жоқ. Сағат алтыда ертеңгі тамақты біздер (жұмысшылар) ішіп бола бергенімізде старшина велосипедпен келіп, бізді тревога арқылы көтеріп алып кетті. Казармаға келсек, жүгіріп барлық адамдар соғыс басталды деп паркке кетіп қалған екен. Біз де керек заттарымызды тез алып, паркке келсек трактор пушканы тартып шығып жатыр екен. Осы уақытта ауада біздің истребительдер көріне бастады. Сағат 7-де ОП занимать еттік. Осыдан кейін орудия мен прибордың астына окоп қаздық. Қазып болғаннан кейін маскировка жасадық. Бұл орнымыз Минскіден 5 км жер болатын. Сағат 1-дің шамасында 3 партия немістің қарақұсы (самолеті) Минск қаласын бомбалай бастады. Минск қаласын қорғап тұрған зенитный полк бірнеше немістің жыртқыш қарақұсын атып түсірді. Минск қаласы жана бастады.
Келесі күні қала халқы қаланы тастап қаша бастады. Кішкене жас балаларды жетектеп әйел-еркектер құр қол, ешнәрсе алмай тылға қарап асығып-аптығып, үздіксіз кетіп жатты. 3-күні қаланы милициялар да тастап қаша бастады. Минск қаласы үздіксіз жанып жатыр.
Дивизия 3-күні немістердің танкісі мен пехотасын кездестірді – Личисанский городок. Қатты соғыстар болды. Екі жақтан да көп шығындар болды.
Түс кезінде батарея командиріне, лейтенант Чернышевқа, капитан формасында бір адам келіп, осы жерде менің машинам бар, машинаның астына кіріп, автоматпен атып мені жолатпай тұр. Сондықтан мен сізден сұраймын, маған 4-5 красноармеец берсеңіз екен, машинаны құтқарып алу үшін. Комбат 2 адам беріп оларға ескертті – сақ болыңдар деп. Барып қараса айтқаны рас көрінеді. Бірақ осыны айламен істеп жүргенін сезіп қалады. Машинаға жетпей олар қайтып келді.
4-күні приказ бойынша шегіне бастадық. Әуелгі күні үлкен паника болды. Жол үстінде бұзылған, бомбежка болған машиналар көп болды. Шпиондар қатты жұмыс жасай бастады. Көп кесел келтірді. Көп қиыншылықпен Береза деген өзенге келіп жетсек, немістер көпірді алып қойған көрінеді. Көпір үшін күн жарым қатты соғыс болды. Кейбір соғыс бөлімдері соғыс арқылы переправится етті. Менің қасымда қазақ баласы Қарасаев Бақытжан снаряд пен минаның жарылғанынан қорқып, осы күндері тамақ ішпеді. Ауыр ойларға қалдық. Біздің разведка басқа жерден көпір тауып, осы тапқан көпір арқылы өттік. Соғыса отырып күн сайын кейін қарай шегіне бастадық.
10.07.1941 ж. күні Днепрден өттік.
11.07.1941 ж. күні ертеңгі сағат 6-да 27 немістің 10-87 деген самолеті 30 минут біздің батареяны бомбить етті. Және пулемет, пушкамен атты біздерді. 1 адамды өлтірді, 6 адамды жаралады. Осы екінші боевое крещение.
Осы күні сағат 1-де аудандық қала Горькийге келіп түстік. Осы қалада почта жұмыс жасайды екен. Біздер отыра қалып елге, таныс жолдастарымызға әрбіреуіміз бірнешеуден хат жаздық. Жиналған хаттарды қыздарға беріп, өзіміз жуына бастадық. Халықтың сұрақтарына жауап беріп жатты. 2 сағаттай тұрғаннан кейін орындарыңызға деген команда болды. Қозғалып кеттік. Қаладан шықпай-ақ халық арасында және әскер арасында тағы да паника көтеріле бастады. Немістердің самолеті ұшып, жолды бөгеді. Машина, техникалар жол үстінде өртеніп, жанып жатты. Жаралы, өлген адамдарды көріп жаттық. Приказ бойынша Елец қаласын басып өтіп, орманның ішіне кіріп тоқтадық. Елец қаласынан 20-30 км жер болатын. 20 күндей осы орманның ішінде формариваться еттік. Содан кейін қайтадан соғысқа кірістік. Немецтер осы бағытта күні-түні үздіксіз наступать етіп, біздерді қорқытып тұрды. Москваны қалайда болса аламыз деп ойлады. Күні-түні екі жақтан да бірдей орудияның гуілі үздіксіз болып тұрды. Біздер екі рет артиллерия атысының астында болдық.
10.08.1941 ж. күні 15 немістің самолеті батареяға бомба тастады. Біз оларды аттық. 1 самолетті жықтық. 2 адам жаралы болды. 3 адам контузия алды. Жолдасым Ходан Еркебаев дегеннің шинелін, рациясын бомба жерге тығып жіберді. Немістердің самолеті күндіз-түні топ-тобымен ұшып жүрді. Біздің самолетіміз аз болды. Бір күннің ішінде 3 самолет жықтық. Генерал приказ берді: күн сайын 3 самолеттен кем жықпауларыңыз керек деп. Осы жерде – Елец қаласында 20 күндей қатты соғыстан кейін немістің күшін азайтып, біздің армейская группировка Елец қаласынан немістерді қуып шыға бастады. Немістер бірінші рет қызылдардан соққы көріп, кейін шегінді. 20 км-дей Елец қаласынан шегініп кеткеннен кейін біздің дивизияны басқа учаскеге жіберді.
Павлово деген станцияда погрузка болды. Аман-есен бірнеше күн жол жүріп, Лебеден қаласына келіп түстік. Осы қала Сум облысына қарайды екен. Осы қалада 1 күн тұрғаннан кейін 60 км жердегі соғысқа жүріп кеттік. Лебеден қаласында тұрғанда Сталиннің біздің дивизияға және екі дивизияға бірінші рет советская гвардия атағын берген ПРИКАЗЫН (1941 ж. 18/ІХ. Күні жарыққа шыққан) оқыды. 100-ші Ленин ордені атағындағы дивизия – 1-гв.О.Л.С.Д. атағына алды.
1 түн жүріп фронтқа келіп жеттік. Екі күн қатты ұрыстан кейін дивизия кейін шегіне бастады. Неге десең немістің күші өте басым болды. 50 км кейін шегініп, Лебеден қаласынан 8-10 км-дей жерде қорғану ұрысына кірістік. Немістердің самолеті сирек-сирек келіп бомбалап кетіп тұрды. Зенитчиктер дәл бомба тастауға жол бермеді. Зенит снарядтарынан қорыққан неміс летчиктері көзделген жерге бомба тастап, қашып отырады. 1 жетідей оборонада тұрғаннан кейін приказ бойынша шегіне бастадық. Әуелгі күндері ешнәрсе білмедік. Соңғы уақытта айтушылардан естідік, біздің дивизия қоршауда қалды дегенді. Немістер оң мен солдан кіріп кеткен екен. Осы кезде ауа-райы өзгеріп, керім қатты үздіксіз жауын жауып тұрды. Машина техниканы тарта алмады. Украина жері қара сазды болады екен. Машина батпақтап жүре алмады. Күндіз-түні мойынға арқан салып машинаны және техниканы сүйреп жүрдік. Өте көп қиыншылықтар көрдік. Көйлек-дамбал мен аяқ киімді құрғатып алуға мұрша болмады. Ыстық тамақ ішпегенімізге бірнеше күн болып барады. Қарын аш. Алдымызда орман. Орманның арғы жағында ел, осы елде немістер. Орманның ішінде ұрыс жүріп жатыр. Біз осыған келіп жеттік. Салом скирдінің жанына келіп тоқтадық. Жауын жауып тұр. Мен және менің жолдастарым от жағып, шұлғауларын кептіре бастадық. Екі шофер котолекпен ет асып, отқа ұстап тұрды. Осы уақытта котолекті ұстап тұрған шофер айтты: мен жаралы болдым деп. Оқ келіп қолдың жоғарғы жағынан өтіп кетіпті. Қалғандарымыз дереу қолға мылтық алып дайын бола бастадық. Көп кешікпей немістер бізді мина снарядымен ата бастады. Машина мен техниканы тасаға түсіре бастадық. Снаряд өте жақын түсіп жатты. Машинаны стройдан шығарды.
Екі күн бір ойда жасырынып (жүруге жол болмай тұрғандықтан) тұрдық. Командир дивизии Белоглазов приказ берді: Техниканы және машинаны жоқ етіп, өздеріміз кешкі қараңғыны пайдаланып, қалайда болса қамаудан шығуымыз керек деген. Кешке қарай машина мен техниканы көз жасын төгіп бұза бастадық. Кешкі қараңғылықпен жолға шықтық.
Командиріміз алдымызда, жолсыз елсіз жермен жүріп келеміз. Немістер бар деревнялар мен даланы айналып өтеміз. Екінші күні кешке қарай бөлініп қалған біз сияқты частьке қосылдық. 7-8 км жерде ұрыс жүріп жатыр. Бір деревняға түнеп, ертемен қозғалып кеттік. Алға разведканы жіберіп, қалғанымыз кейінде келе жаттық. Разведка айтты: алдағы деревняда немістің разведкасы бар деп. Начальник штаба Брагин екі группаға бізді бөліп, осы деревняға атака жасап, немістер аз болса соғыспен ілгері қарай қозғалып кетеміз деді. Кішкене қырдан көтеріле беріп едік немістер батальонға жақын бізге қарай соғыс порядкасын алып, жүріп келе жатыр екен. Осы жерде біздер атысып, кейінгі деревняға келдік. Менің жолдасым Х.Еркебаев жаралы болды. Оқ бір жағынан тиіп, екінші жағынан өтіп кеткен. Айналамыз толған немістер болды. Біздің қолымызда 1 деревня. Жарымыз түнде дем алып, жарымыз оборонада тұрдық. Ертемен немістер деревняға бірнеше автоматчик жіберіп, біздің арамызда паника туғызуды ойлады. Біздер паникасыз 1 артполк және 1 пехота батальонмен жолсыз сай жүлгелер арқылы жол шегуге шықтық. Жолда немістердің 1 пехота ротасын және көп жол бойымен кетіп бара жатқан обозын жолықтырып, 1 сағаттай ұрыс болды. Осы күні кешті күттік. Кешкі қараңғылықпен жүріп келе жатырмыз. Осы түні 3 жерден неміс охранын кездестірдік. Қолға түскенін өлтіріп, будкіде қалған нан сияқты тамақты талап алып кете бердік. Аяқ астынан қараңғыда қолмен сипап тауып, шинельмен сүртіп жеп келеміз. Өте қатты шаршадық. Аяқ ілгері басқысы келмейді…
Күн шыға бір қырдың басынан немістер минометтен атып бізді жүргізбеді. Көп адамды өлтірді және жаралы қылды. Адамдар кез келген жаққа қаша бастады. Біздің комбат «За мной» деп айқайлап бізді ойға жинап алды. Артиллеристер қалған снарядтарды атып-атып, пушканы тастап кетті.
Бізге қарай бір пулеметчик және автоматчиктер оқ атып жатыр өте жақын жерде.
Мен Қарасаев Б. екеуміз сайдың бауыр бетіндегі сирек ағаштың арасына кіріп оборона ұстап жатырмыз. Көп кешікпей 6-7 неміс біздің командирлердің артынан білдірмей келіп пленге алды. Бізді көрмей кетті.
Түстен кейін жауын жауып бізді қатты сулады. Кешкі қараңғыға шейін осы жерде жатып алдық. Дәретті жатқан жерімізге жіберіп жаттық.
26.10.41 ж. Күні кешкі қараңғылықпен орнымыздан тұрып, қалай қарай жүреміз деп ақылдастық. Жауын үздіксіз жауып тұр. Бағытжанның жанында компас бар екен соны алып, шығысқа қарай жол тартып отырдық. Түн ішінде көрінген қарадан қорқып, батпақтап аз жүрген шығармыз деймін. Таң атқасын ойға келіп, саломды жағып жылына бастадық. Отты сөндіріп жүрейік деп тұрғанымызда біздің солдат тап болды. Олар да біз сияқты адамдар көрінеді. 4-еу болып деревня іздеп жүріп кеттік. Көп кешікпей деревняға жақындап келдік. Жауын әлі жауып тұр. Кім барады разведкаға деп ақылдастық. Алыстан көріп тұрмыз, немістердің арбалары үйлердің қасында тұр. 4-еуміз бірге тәуекел деп шеткі үйге кірдік. Содан кейін Қарасаевты келесі үйге жібердік. Онда немістер жоқ екен, үй иесі бізді қарсы алып, тамақтандырды. Киімдерімізді кептірді. Киімдерімізді кептіріп бола бергенімізде 2 атты неміс келе жатыр деп үй иесі айтты. Әйелі үйді босатыңыздар деп жылап жіберді. Сендерді ұстап алса біздерді өлтіреді деп. Біздің тілегіміздің дұрыс болғаны ғой, немістер үйге кірмей сырттан сүт алдырып ішіп кетіп отырды. Осы үй иесі бізді бір өлімнен алып қалды. Үй иесінің сұрауы бойынша басқа үйлерге тарап кеттік. Осы деревня Курск облысының Тамаров ауданына қарайтын Вознесенский хуторы болады. Осы түні әскерлік сырт киімін колхоз киіміне ауыстырдық.
1.01.1942 ж. күні немістер наступать етіп, бізді көп жерге шегіндіріп жіберді. Әскер паникаға түсіп, өз беттерімен қаша бастады. Осы күні бізге қаралы күн болды.
Апрель айының ішінде Воронеж еңбекшілерінің жіберген 4 зенитная пушкасын алдық. Әуелгі уақытта ешкім де пушканы пайдалануды білмеді. Көп қиыншылықтарға түстік.
Бізді поезбен Харьков қаласының астына әкеліп жеткізді. Адамдарды алып толыққаннан кейін бізді фронтқа жіберді. Северный Донец өзенінің бір бетінде (бір жағында) немістер, екінші жағында біздер болдық. 2-3 күн ішінде жартысын немістерден босатты. 4-5 күн дегенде адам және техника жағы кеміді. Әрі қарай наступать етуге күш жеткілікті болмады. Кейінгі уақытта біздерді танкіге қарсы қойды. Қыстың ішінде көп қиыншылықты көрдік. Немістердің самолеттері қарақұстай топ-тобымен ұшып келіп тұрды.
6.01.1945 ж күні кешкі қараңғымен Бичк қаласының терістік батыс жағынан келіп, пушкаларды ұрысқа дайын еттік. Пушканы жерге көмуге тырысып, жауын жауып тұрғанда күні-түнімен жұмыс жасадық.
7.01.1945 ж күні немістер түнгі сағат 1-де наступать етіп, қаланың ортасына жетті. Ешкім де орындарынан қозғалған жоқ. Мен 100 снарядпен немістің 60-70-тей пехотасын жоқ еттім.
Немістің пехотасы қаланың ортасына жетіп, қатты қарсылық көрсеткеннен кейін, кері шегініп кетті.
Ертеңіне командир полка келіп маған және командир батареяға сағат берді. Менің расчетымнан екі адамды правительственный наградамен наградить етті.
Немістер бір жарым айдай үздіксіз наступать етіп, Будапешт қаласындағы қоршалған группировкаға қосылу үшін көп күшін төкті.
Немістің соңғы таңдап алған жолы Брачка деревнясы арқылы тура шоссе жолымен танкіні жіберіп, тез қоршалған групировкамен қосылу болды. Біздің корпус 3 күн, 3 түн үздіксіз наступать еткен танкісі мен пехотасына жол бермеді. Осы күндері көп истребитель авиациясын жіберді. Наступать еткен танкілер мен пехоталарына жол ашу үшін командир батарея менің орудиямды тасаға (осадаға) қойып, немістің штурмовик-истребителі көріне бергенде абайсызда аңдып отырып, дәл орудияға келгенде оқ ататын болдық. Ертемен орудияны таңдаған таса орынға қойып, немістердің самолетін күттік. Сағат 4-те 10 немістің истребителі жолмен жүріп келе жатқан біздің колоннаға бомба тастаймын деп пикировать еткенде, мен бірнеше снарядпен 1 истребительді атып құлаттым. Осы орудиядан 200 метр жердей қашықтықта құлады. Екі наводчикті наградить етті. Орден славы ІІІ-степени.
Осы бір жарым ай соғыста полк 22 неміс самолетын жоқ етті. Немістің летчиктеріне бомбаны біздің пехота мен танкілерге дәл тастауға жол бермедік.
7 апрельден 13 апрельге шейін Венада көше соғысына қатыстым. 13 апрель күні Австрияның орталық қаласы Венаны немістерден босаттық.
Венаны алғаннан кейін корпус соғыстан шығып, Венада 3 күндей тұрғаннан кейін корпусты Венер-Нойншадтан 18 км жердегі өндіріс қаласы Терницаға келіп тоқтадық. Соғыс біткенге шейін осы жерде заниматься етіп жаттық. Соғыс біткен күні үлкен той қылдық.
...Мен осы бір жарым ай жол үстінде батальон старшинасының жәрдемшісі болып жұмыс жасадым. Көпшілігінде көлік үстінде аяқ суытып келдім. 3-4 күн жол жүргеннен кейін 1-2 күн демалыс беріп отырды.
Австрия.
Австрияның орталық қаласы Венада болдым. Соңғы уақытта Вейнер-Нойнштад, Терниц деген қалаларында болдық. Халқы – австреец, неміс. Жері – таулы келеді. Адам баласының демалуына өте қолайлы жер, өндірісі бар, халқы өте күйлі тұратын көрінеді. Үй тұрмысы өте қадірлі көрінеді. Адамдары мәдениетті келеді. Әйелдері және қыздары әдемі келеді. Қыздарының белдері жіңішке, адам баласын өзіне тартып тұрады. Дүние жағы жеткілікті. Магазиндері толған мата және заттар. Теміржол және шоссе жолдары көп. Вино және пиво өте көп.
Венгрия.
Халқы – мадьяр, неміс және т.б. Жері жатық, егістікке өте жақсы. Вино және пиво өте көп. Дүние жағы жеткілікті. Үй тұрмыстары жаман емес. Әйелдері, қыздары әдемі. Қыздарының белдері жіңішке, адамды өзіне тартып тұрады.
Румыния.
Халқы – румынец, цыган, мадьяр және т.б. Транселвания жері таулы келеді. Румынияның өз жері жатық, егістікке қолайлы. Адамдарының көпшілігі саудамен күн көреді. Мен өзім 1945 жылдың 10 августы күнінен 8 сентябрьге дейін рота ПТР-да болдым. Брашов қаласынан 7 км жер болатын. 1945 жылдың 8 сентябрь күні Брашов қаласының өзіне алып келді. 12 сентябрьде Брашов қаласындағы ХПП госпиталына түстім. Құлағымның түбінде қалған оскольканы алдырдым. Бұл госпитальда 22 сентябрьге дейін жаттым. Содан кейін 200 запасной офицерский полкқа келіп, елге қайтуға дайындалып жаттық. Осы полкпен Брашовтан Галац деген қалаға келдік. Осы қаладан 1945 жылдың 28 октябрінде товарный поезға мініп, елге тарттық.
Маршрут: Галац – Бендерый – Биссоравка – Ренн – Раздельный – Косторный – Первомайск – Кироград – Знаменька – Кременчук – Полтава – Харьков – Купянск – Волуйка – Александрия – Лиский – Проворный – Саратов – Уральск – Илецк – Актюбинск.
Осыдан кейін 1945 жылдың 10 ноябрь күні Ойылға жеттім.
Үйге 13 ноябрьде келдім. 1945 жыл.