Әлеужеліні әләуләйшинаны ғана әуезе ететіндей көретіндер бар. Жоқ, анда-санда болса да, онда да салмақты сөз сөйлеп, есті естелік естіліп тұрады. Таяуда Facebook-тен мамыр айында тоқсанның төріне көтерілетін ардақты ағамыз, Қазақстанның Еңбек Ері Ілия Жақановтың атақты «Еділ мен Жайық» әнінің шығу хикаясын тыңдап қалдым. Дұрысы – қайтадан тыңдадым. Қайтадан дейтінім, Ілия ағам 2019 жылы жақын досы, менің ұстазым, академик Сейіт Қасқабасовпен бірге үйде қонақта болғанда ол әннің қалай дүниеге келгенін жырдай етіп әңгімелеген еді. Ілағаңа әннің әуені қонаққа жиналып, үйден шыққалы жатқан тұста орала кетеді. Іздегені табылғаннан кейін енді мұның мәтінін кім жазады дегенді көп ойланып, көп толғанады. Ақыры, таңдауы сол тұста «Мен – қазақпын» поэмасымен аты дүбірлеп тұрған Жұбан Молдағалиевке түседі. Алайда мәтіннің дайындалуы қиямет қиынға соғады. Біресе о жері, біресе бұ жері көңілден шықпай, ән өлеңінің... сегіз нұсқасы жазылады. Бәрібір діттеген межеге жетпей жатады. Екеуі де әбден шаршайды. Аяғында ақын ағасы інісіне едәуір ренжуге дейін барады. Ілағаң да қайтпайды. Жұбағаң ақыры айтқанына көніп, тағы жазады. Тек тоғызыншы нұсқаға ғана тақым толады. Композитор мен ақынның бұл тандемінен қандай нәтиже шыққаны баршаға белгілі.
12 сәуірде Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» залында Шөмішбай Сариевтің 80 жылдығына арналған «Атамекен-ай» атты концертті тыңдай отырып, Ілия Жақановтың сол әңгімесі ойға оралды. Бір мәтіннің тоғыз нұсқасы дайындалғаны саз бен сөздің үздік үйлесіміне қол жеткізу кейде ақынға қандайлық азапқа айналарын көрсетері күмәнсіз.
Жақында Мәскеудің Үлкен театрында ерекше бір кеш өтті. Теледидардан тікелей көрсетілді. Ол кеш композитор Александр Зацепиннің 100 жасқа толуына арналды. Иә, туғанына 100 жыл толуына емес, өзінің 100 жасқа толуына. Әлі тың. Бір әннен кейін бір ән жазып жатыр. Сартылдап сөйлеп тұр. Сол кеште композитордың атымен бірге, қатар аталған тағы бір есім Леонид Дербеневтің есімі болды. Зацепиннің әндерінің көбіне сөз жазған ақын әсіресе фильмдердегі («Гауһар қол», «Кавказдағы тұтқын қыз», «Санников жері») мәтінмен танымал. Жалпы, кәсіби өнерде әнге сөз жазатын ақындар жақсы бағаланады. Александра Пахмутованың әсем әндерінің сөзін Николай Добронравов жазған. Раймонд Паульс шығарған, Алла Пугачева орындаған маржан әндердің талайының мәтін авторы – Илья Резник. «Алаулаған миллион раушан», «Көне сағат», «Маэстро» сияқты ғажап әуендерді бәріміз білеміз. Сөзіне қосылып та отырамыз.
Әнге сөз жазудың жақсы үлгілері бізде де баршылық. Ән өлеңінің бір үздігі – Ғафу Қайырбековтің «Ана туралы жыры». Тұманбай ақын «Мен сендермен қайда да бір кетіп ем, Көктем сайын көңілімді гүлдетіп ең. Өзім алғаш әндерге сөз жазарда Сенің өлеңдеріңді үлгі етіп ем» дегенді «Әлі есімде», «Қайықта», «Армандастар», «Қайдасың?» секілді әндер өлеңінің авторы Нұрсұлтан Әлімқұловқа арнап айтқан. «Өмірі аңыз ақын» атты мақаласында «Оның әнге жазған өлеңдері өзінен-өзі тұтанып, әр сөзі қанат қағып, ұшуға бейім тұратын» дегені тағы бар. Кейін ән өлеңінің талай ғажабын Тұманбай Молдағалиевтің өзі де дүниеге әкелді: «Бақыт құшағында», «Әнім сен едің», «Құстар әні»... Қуандық Шаңғытбаевтың, Мұзафар Әлімбаевтың, Нұтфолла Шәкеновтің, Қадыр Мырзалиевтің, Мұхтар Шахановтың қаламынан да талай тамаша ән мәтіні туды.
Осы жолды олардан кейінгі буында кім лайықты жалғастырды десек, ең алдымен ауызға Шөмішбай Сариевтің аты түседі. Әңгіменің ашығына көшсек, қазақтың ән өлеңі өнерінде дәл Шөмішбай Сариевтей жапыра жазған, соншалықты жүйелі жұмыс істеген басқа ақынды атау қиын. Бұл жағынан Шөмішбай ешкімге дес бермейді: ұзын саны бес жүзден астам әнге өлең шығарған! Тек ән мәтіндерінен құралған өлең жинағының өзі кере қарыс. Оның ән өлеңдерінің арасында дайын әуенге (өздерінің тілінде «рыба» дейді) жазылған мәтін басым. Мұның өзі ақынның сазды сезінуі, өлеңді ондағы ырғақ, бунаққа орай келетіндей етіп алақанда ойнатуы бөлекше екенін көрсетеді. Ара-арасында ақын жазған өлеңдерден туған әндер де кездеседі. Мұның өзі ол өлеңдердің сөз сазы («звукопись», эвфония) ерекше екенін, яғни әнге сұранып тұрғанын көрсетеді.
...1971 жылы, университеттегі бас корпустың акт залында журналистика факультетінің бесінші курсы мен бірінші курсының дәстүрлі кездесуі өткен. Сонда бұйра шашымен, бұралған бакенбардымен, сырықтай бойымен бөлек көрінген бір жігіттің мінберге көтеріліп, қолды оңды-солды сермеп, буырқанып, бусанып өлең оқығаны көбірек есте қалып қойып еді. Аты-жөні – Шөмішбай Сариев. Есімі алыс Аралдағы Шөміш деген теміржол стансасынан қойылғанын кейін білдік. Сонда туған екен.
Жас бойынша арамызда тұтас бес жыл жатқанымен, біз кейін Шөкеңмен кәдімгідей жақын араластық. Көңілі түскенде «Бес жас – бел құрдас» деп те қоятын. Жақын араласуымызға бір себеп – қазақтың ғажап ақыны Кеңшілік Мырзабековпен достығы. Біз Кеңшілікпен әуелде университетте бірге оқыдық, кейіннен «Социалистік Қазақстанның» әдебиет және өнер бөлімінде бірге істедік, бес жыл бір кабинетте отырдық. Кеңшілікке достары Жарасқан мен Шөмішбай жиі келіп тұратын. Ақындар емес пе, әдетте аптаның аяғына, жұмыс күнінің соңына қарай бой көрсететін. Бәріміз жаспыз, бірге жүріп, сайран сүріп кеткен күндеріміз де аз болмаған. Сонда Шөкеңнің жанының дарқандығына, ашық-жарқын көңіліне, ақтарылған ақын мінезіне, қолының ашықтығына үнемі сүйсінетінмін. Жарқылдап жүретін жайсаң жігіт еді. Сері көңіл. Жомарт жүрек. Жұрттың бәрін жақсы көреді. Жұрттың бәрін жақсы көргенін жұрттың бәрі бірдей жақсы көре бермей, қызметіне зияны тиген, тіпті жұмыстан сол еркелігінен шығып қалған кездері де болған... Сонда да жалғанды жалпағынан басып кете баратын.
Ақындығы жағынан да, аудармашылығы жағынан да, ғалымдығы жағынан да ол өзін әбден дәлелдеді. Еңбегі еленді, өнері биік бағаланды. Шөмішбай Сариев – Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, І дәрежелі «Барыс» және «Парасат» ордендерінің, халықаралық Франц Кафка алтын медалінің иегері, «Алтын Адам – Жыл адамы» сыйлығының, «Платина Тарлан» сыйлығының, «Халықтың сүйіктісі» ұлттық сыйлығының лауреаты. Осыншалықты абырой мен атаққа жетуінде Шөмішбайдың ән өлеңдерінің орны шешуші екенін басын аша айта аламыз. Тұманбай Молдағалиев Нұрсұлтан Әлімқұлов жайында: «Ақынның «Таң самалы» деген атпен 1984 жылы жарық көрген әндерге жазылған өлеңдерінің кітабын оқи кеп: «Нұрсұлтан аға ақындық бақытын ән өлеңдері арқылы тапқан екен-ау деген қорытындыға келдім» деп жазған еді. Сол сөзді Шөмішбай Сариевке де қатысты айта аламыз. Ақын өз Парнасына алдымен ән өлеңдері арқылы шықты деудің артығы жоқ.
Міне, шамамен соңғы қырық жылдың орайында қазақтың қаласында да, даласында да концерт атаулыда Шөмішбай сөзінің шырқалмай қалуы сирек. Коммуникация мүмкіндігінің молаюы ақын мәтіні арқау етілген әндердің бағын тіпті ашып, атын байтақ жұртқа бұрынғыдан да кең жаюда.
Біздің үйде Шөмішбай Сариевтің өлеңдеріне жазылған халыққа танымал «Қарағым-ай» деп аталатын 100 ән жинақталған дискісі бар. Тұп-тура 100 ән. Жүз бірінші болып Шөмішбайдың өзі оқитын «Ақын монологы» тұр. Ғажап қазына. Тыңдай бересің, тыңдай бересің.
Біразының ғана атын атап шығумен шектеліп көрейікші.
«Ғашықтар жыры», «Қарағым-ай», «Сәлем саған, туған ел», «Өкінбе сен», «Домбыра туралы баллада», «Ойлайсың ба, жаным?», «Еркеледің сен», «Қазағымның күйлері-ай» (Кеңес Дүйсекеев), «Аяулым», «Қимай сені барамын», «Аққу арман» (Төлеген Мұхамеджанов), «Сарыарқа» (Сейдолла Бәйтереков), «Досқа сыр» (Жоламан Тұрсынбаев), «Айналдым сенен, Атамекен-ай» (Жанбота Тұяқбаев), «Сағындым сағым жылдар», «Қайран уақыт» (Гүлнар Дәукенова), «Арман жолдар» (Карина Абдуллина)... Осылай кете береді, кете береді. Бірінен-бірі өтеді. Шөмішбай жазған мәтіннің бәрі ән ырғағын дәл ұстаған. Композитордың айтпағын дәл жеткізген. Есте қалады, жатталады. Шөмішбай Сариев қай әнге қандай сөз керегін соншалықты сергек сезеді.
Жарасқанмен, Кеңшілікпен, Шөмішбаймен сол жүрістерімізде ана екеуі «Тамашаның» әр концертінде (ол бағдарламаның танымалдығы сұмдық еді ғой) сөзі естілмей қалмайтын, аты теледидардан, радиодан түспейтін, авторлық құқық бойынша әр орындалған әнге жеке-жеке қаламақы келетіндіктен, қалтасынан ақша түспейтін Шөмішбаймен қағыта қалжыңдасып, «Сен текстовиксің» деп тиісетін. Сонда Шөкең «Алдымен өздерің текстовик болып алыңдар» деп күліп қоя салатын. Айтқандай, Жарасқанның өзі де кейін текстовик болды. «Кірмеші жиі түсіме» деп келетін әдемі ән өлеңдерін жазды. Кеңшілік «Менің өлеңдерімнің өзі-ақ әндетіп тұрады» дейтін ұстанымында қалды.
Расында да, әнге мәтін жазу тума, тосын талантты талап етеді.
Ән өлеңі – өрелі өнер. Өзгеше өнер. Қиын өнер. Өзгешелігі – әріптердің әуенге айналып, әндетіп, әуелеп кете баратынында, сөздің бойындағы жасырынған сырды айқара аша алатынында. Қиындығы – ырғаққа, уәзінге бағынғанында, паузаға байланғанында. Ән өлеңі бір тыңдағаннан көкейге қонып, құлаққа сіңіп жүре беруге тиіс. Тым қарапайым да болмауы керек, тым күрделі де болмауы керек. Артық нәрсе ештеңеге жараспайды ғой. Ол әсіресе ән өлеңіне жараспайды. Ол жадыда жатталуы керек, санада сақталуы керек. Әрі барғанда төрт шумақпен тоқтауға тиіссің. Бас-аяғы екі жарым-үш минуттың ішінде айтар ойыңды айтып, жеткізер сезіміңді жеткізіп үлгеруің керек. Әр ән – шағын, шымыр, жұмыр спектакль болса игі! Ән өлеңінің мәтіні оқылуынан бұрын естілуі керек. Мұнда кейде алға фонетика шығып кете береді. Әуенге үйлеспегендіктен, бунаққа сыймағандықтан небір сәтті, сұлу, тіпті сырлы сөзден бас тартуға да тура келеді. Сөз саздылығының, дыбыс үндестігінің ең қажет жері – осы. Ашық дауысты дыбыстары жетпей жатса, әннің тынысы ашылмайтыны тағы бар. Мәтіннің ойдағы орындаушының дауысына, өнер өрнегіне, жеке келбетіне сай шығуын да қамдау артық етпейді. Осылардың бәрін ойлай келгенде жақсы ән өлеңі музыканың, мәтіннің, мағынаның, ырғақтың, бунақтың, құрылымның бір мәмілеге көнуінің арқасында ғана туа алады-ау деп шамалайсың. Шөмішбай сол талаптың бәрін сақтайтын. «Қымбатты – даламыздай, Сымбатты – анамыздай, Айналдым сені-ай, Атамекен-ай!» дегізіп, ассонанспен алып шықса да, «Теңіздей тебірендім, тербедің, Сапарда сағынышым сен менің» деп аллитерациямен алып жықса да, оның қаламынан туған сөз қай әуенді де жандырып жібереді.
Шөмішбайдың сөзіне шығарылған әндерді Әлібек Дінішев, Зейнеп Қойшыбаева, Роза Рымбаева, Нағима Есқалиева, Батырхан Шүкенов, Мәдина Ералиева, Нұрлан Өнербаев, Бағдат Сәмединова, Нұрлан Абдуллин, Мақпал Жүнісова, Сембек Жұмағалиев, Карина Абдуллина, Тамара Асар, Толқын Забирова, Бауыржан Исаев сияқты небір саңлақ әншілер орындады. Орындап та жүр. Оларды «Дос-Мұқасан» ансамблі, «МұзАРТ», «Ринго», «Дервиши», «Жігіттер», «Мюзикола», «Каспий» топтары шабыттана талай шырқады. Шырқап та жүр. Біздің Бағдат «Сарыарқа – қайда жүрсем сағынышым, Туған өлкем – ән-күйдің тәңірісің. Жазиралы даламыз жаралғандай, Сенің салған, Сарыарқа, әнің үшін» деп әуелеткенде көкірегің керіліп сала береді, залға сыймай кеткендей, қиялыңмен алып Арқаның қиян-қиянына жеткендей боласың, елің үшін, жерің үшін шаттанасың, осындай ән жаза алатын, сондай әнге осындай сөз жаза алатын ерің үшін мақтанасың.
«Қарағым-ай»-ды Димаштың айтқанын Кеңестің де, Шөмішбайдың да естіп кеткеніне шүкіршілік дейміз. Бұл ән – ұлттық өнерімізді дүние дидарына тегіс таратқан, ән әлемін мойындатқан шедевр. Оны радиодан алғаш естігенімде жаңадан табылған халық әні немесе халық композиторының беймәлім келген әні деп ойлағаным есте. Біраз жыл бұрын Ілия Жақанов Көкшенің бір ауылынан Біржанның «Айбозымын» тауып, оны алдымен Қайрат орындаған еді. Сондай ән болар деп шамалағанмын. Мынандай әнді өзімізбен бірге асфальт басып жүрген, өзімізбен замандас адамдар, жап-жас жігіттер шығарғанына қинала-қинала сенгенмін. Ән жазылған сексен екінші жылы Кеңес те, Шөмішбай да отыздың алтауына жаңа жеткен екен.
Ана бір жылы Кеңес Дүйсекеевпен Оқжетпесте қатар демалып қалғанбыз. Сонда жүрім бергенде биыл сексеннің сеңгіріне көтерілер даусыз дара дарын иесі (айтқандай, сөйлесе келе маған жезде де болып шықты) біраз уақыт бұрын өзінің алдына Димаштың арнайы келгенін, «Қарағым-айды» айтуға рұқсат сұрағанын, «Дауысы ғажабы ғажап-ау, тек жастығы болмаса... Әлі бозбала ғой, әндегі қатпар-қатпар қыртысты қопара алар ма екен, сол сезімдерді өзегінен өткізе алар ма екен?» деген күдік-күмәнге түскенін, бірақ жанына, жүрегіне, талантына сеніп, келіскенін әңгімелеген еді. «Жоқ, шығарды Димаш» деп кесіп айтты сонда Кеңес. Шығарғанда да қандай шығарды! Димаш арқылы Кеңес сазына, Шөмішбай сөзіне әлемнің ондаған еліндегі концерттерде ондаған мың адам тамсанды, теледидар, интернет арқылы тыңдаған жүз миллиондаған адам қазақ әнін бағалай түсті, қазақ жанын тани түсті.
«Қарағым-айды» композитор ондай оймен жазған екен, бұндай оймен жазған, нақты бір оқиғаға арнаған екен деген неше түрлі ой қисыны бар екені белгілі. Бәрі мүмкін. Тіпті, композитордың о бастағы өз ойы сондай болуы да мүмкін.
Қарағым-ай,
Еліктер осылай жосады екен,
Жолыңнан сені кім тосады екен.
Бұл көңіл неліктен босады екен,
Бұл тағдыр сені кімге қосады екен.
Осындай жолдарға қарап, «Қарағым-ай» композитордың өміріндегі жақын жанның ұзатылу тойына арналған деп қиыстыруға болса болар. Бірақ айналайын ағайын-ау, ән, ән шіркін басқаны, басқаны айтып тұр ғой! Ән өмірдің біраз белесінен өткен, біраз жерге жеткен жігіт ағасының жанын қымбат қасиетімен жылытып, жүрегіне шоқ тастап кеткен адамға деген ағалықтың аясынан асып түсетін аса бір аяулы сезімді, адамдық сүйіністі, сағынышты, қимастықты да айтып тұр ғой. Сөз алдаса алдар, саз алдамайды. Музыка тілі солай сөйлейді. Музыканың тілін тамыршыдай тап басып танығандықтан, Шөмішбай шайырдың мәтінді басқаша жазуға шамасы да жоқ еді.
Қарағым-ай,
Бұл өмір осылай өтеді екен,
Сүймесең дүние бекер екен.
Парақтап жинасаң бар ғұмырың,
Бір сүйген күніңе-ай жете ме екен.
Қарағым-ай,
Қиылып үзіліп қарадың-ай,
Қараған қандай сұлу жанарың-ай.
Димаштың «Қарағым-ай»-ды орындауынан кейін ендігі жерде ештеңені де қосымша түсіндіріп жатудың қажеті болмас дейміз. Бәрі орнына келді.
Астана төрінде әдемі өткен ән кешінен алған әсерді қағазға түсіріп қоюды ғана мақсат тұтқан бұл мақалада Шөмішбай Сариевтің алуан қырлы алмастай тамаша талантының бір ғана қырын – ұлттық ән өлеңі өнеріндегі алар орнын сөз етумен шектелмекші едік. Дегенмен сөздің реті келіп тұрғанда, өзіміз аударматануға бейім болғандықтан, Шөкеңнің осы саладағы бір жұмысына да назар аудартқымыз бар.
2009 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының Вильнюсте өткен сессиясында журналист ретінде ұйымның Парламенттік Ассамблеясының құрметті төрағасы Жоао Соарешпен сөйлесудің сәті түскен еді. Сонда мен ол кісіге португалдың ұлы ақыны Луиш ди Камоэнстің өлең жинағы қазақ тілінде жарық көргенін айтқан болатынмын. Соарештің ұлты – португал. Үлкен интеллектуал. Әрине, құрметті төраға әлемге әйгілі отандасының кітабы Қазақстанда шыққанына қуанды. Кейін сол Соареш біздің еліміз Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының төрағалығына таласқа түскенде Қазақстанның кандидатурасына қатты қолдау көрсеткенінен хабардармын. Камоэнс – әлем әдебиетінің классигі. Пушкиннің «Суровый Дант не призирал сонета; В нем жар любви Петрарка изливал; Игру его любил творец Макбета; Им скорбну мысль Камоэнс облекал» деп жазғаны белгілі. Камоэнсті қазақша сөйлеткен ақын Шөмішбай Сариев болатын. Сөйтіп, біздің Шөкең еліне осылай да қызмет жасаған.
...Шөмішбай бір жолы редакцияға келген. Салған беттен әңгімесін күліп бастаған. «Жақында Әбеңе бір әзіл айттым. Жаман шықпаған сияқты» дейді. Әбең деп отырғаны – жерлес ағасы Әбдіжәміл Нұрпейісов. Былай болыпты. Шөмішбай Әбеңді үйіне қонаққа шақырады. Екеуінің бірге түскен суретін жиектемеге салып, сервантқа қойыпты. «Ұлымен бірге» деген жазуы бар. Әбең жымиып, «Бұның қайсысы ұлы?» деп сұрайды. Сонда Шөмішбай «Оны уақыт көрсетеді» дейді...
Әрине, бәрін уақыт көрсетеді... Бұл сөзіміз арамызда жүрсе, сексеннің сеңгіріне жаңа шығып жататын жақсы ағамыздың мерейін тасыту үшін айтылған әзіл ғой. Бірақ әзіл болса да, бұлай дегенде біз Шөмішбай Сариевтің тамаша шығармашылығы уақыт сынына шыдас беретініне кәміл сенімімізді де жеткіземіз. Мына заман осылай бара беретін болса, адамзат кітаптан бетін әрі бұра түсетін сияқты. Бірақ адамзат ән тыңдауын қоя қоймас. Қанша уақыт өтсе де, сөзін қазақтың шабытшыл шайыры Шөмішбай Сариев жазған ғажап әндер шырқала береді.
Сөз басында айтқан концерттен кейін әдемі кешпен құттықтап, қолын алғанымызда асыл жеңгеміз Жұмагүл: «Өзі кетті. Сөзі қалды» деп еді. Солай.
Қазақтың кейінгіге сөзі қалған ардақты перзенттерінің бірі – Шөмішбай Сариев. Шайырдың шырқауы ғасырдан ғасырға жетері күмәнсіз деп білеміз.
Сауытбек АБДРАХМАНОВ