Ұлыстар ұйытқысы

Бүгін, 14:30 / Арайлым Жолдасбекқызы

1 мамырды біз көбінесе этностардың достығы, мәдени фестивальдер, ұлттық киімдер шеруі мен ұлттық тағамдарға толы мерекелік дастарқан ретінде қабылдауға дағдыланғанбыз. Алайда бұл мерекенің мазмұны тек мәдени ретроспективамен шектелмеуге тиіс. Жаһандық бәсекелестік заманында қоғамның көпэтносты құрамы – мемлекеттің стратегиялық ресурсы, оның инновациялық әлеуетінің драйвері және экономикалық тұрақтылығының іргетасы.

Дәстүрлі тілектер мен ұрандардан ары­лып, мәселеге сандар мен фактілер тілімен қара­сақ, «біртұтас ұлт» концепциясының ас­тарында үлкен экономикалық және ғы­лыми синергия жатқанын көреміз.
Әлемдік тәжірибеде кез келген ірі тех­но­логиялық серпіліс немесе ғылыми жаңа­лық біркелкі емес, керісінше, әртүрлі көз­қарас­тар тоғысқан ортада туындайды. Бұл ғы­лымда «когнитивті әртүрлілік» деп ата­лады. Әртүрлі мәдени кодпен өскен, түрлі тұр­мыстық және білім беру мектептерінен шық­қан мамандар бір мәселеге бірнеше ра­курстан қарай алады. Ал экономикалық тұр­ғыдан алғанда, әртүрлілік нарықтың сег­менттелуі мен кеңеюіне алып келетін фактор.
Бүгінде АҚШ-тың Кремний алқабы не­­месе Қытайдың Шэньчжэнь сияқ­ты ірі тех­нологиялық хабтарының басты күші – түрлі этнос пен мәдениет өкілдерінің бір ортада шоғырлануы болып отыр. Қа­зақ­станның ғылым мен технологияны да­мы­ту­дағы қадамдары да осы демографиялық ерек­­шеліктен тікелей ұтады. Біздің елдегі әр­түрлі этнос өкілдері ғылыми зертха­на­лар­да, IT-стартаптар мен инжиниринг са­ла­­сында стандартты емес шешімдердің ге­нераторына айналуда. Оған қоса, диас­пора­лық желілер шетелдік ғылыми инс­ти­тут­тар­мен байланыс орнатуға және технология тран­сфертін жеделдетуге табиғи «көпір» болып отыр.
Экономикалық сарапшылардың пі­кі­рін­ше, қоғамдағы этностық әртүрлі­лік ха­лық­аралық сауданың артуына тікелей әсер етеді. Ел ішіндегі түрлі этностар өз­де­рі­­­нің та­рихи отанымен немесе өзге елдер­дегі қан­дастарымен тығыз байланыс ор­на­тады. Сон­дықтан Қазақстандағы әрбір ірі этнос­тық топ белгілі бір шет мемлекетпен ті­ке­лей экономикалық байланыс орна­ту­дың мүм­кіндігі десек, қателеспейміз. Мы­салы, кә­ріс диаспорасы Оңтүстік Кореяның жо­ғары технологиялары мен инвес­ти­ция­ларын елге тартуда үлкен рөл атқарады. Не­міс диаспорасы Германияның инжи­ни­ринг­тік және өндірістік стандарттарын ен­гізуге сеп­­­тігін тигізеді. Түркітілдес ха­лық­тар Түр­кия және Орталық Азия нарығында сауда-сат­тықтың «алтын көпірі» болып отыр. Бұл құ­былыс «диаспоралық капи­та­лизм» деп ата­лады. Ол мемлекеттік деңгей­дегі келіс­сөз­дерден гөрі тиімдірек жұмыс істейді, өйт­кені оның негізінде сенім мен мәдени ұқсастық жатыр.
Жалпы, мұндай трансұлттық желілер Қа­­зақстан бизнесі үшін жаңа нарықтарға шығу кезінде транзакциялық шығындарды азай­тады. Сонымен қатар тілдік ке­дер­гілер­дің болмауы, іскерлік мәдениеттегі ұқсас­тық­­тар және сенім деңгейінің жоғарылығы шет­е­лдік инвестицияларды тартуға және отан­­­­дық өнімді экспорттауға жол ашады. Яғни, біздің этностық палитрамыз – жаһан­дық нарыққа шығудағы дайын навигатор.

Өңірлік динамика

Қазақстанның ішкі экономикалық кар­тасына көз жүгіртсек, этностық құрамы бай аймақтарда (мысалы, Алматы қаласы, Қара­ған­ды, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыс­тары) шағын және орта бизнестің даму ди­намикасы өте белсенді екенін байқауға бо­лады. Мұндай аймақтарда қызмет көр­сету саласы, креативті индустрия, сондай-ақ қо­ғамдық тамақтандыру мен өндіріс клас­терлері бәсекелестікке барынша қабілетті. Әр­­түрлі мәдени сұраныстар нарықтың үне­­мі бейімделуін, жаңа тауарлар мен қыз­мет түрлерін ойлап табуын талап етеді, ал бұл өз кезегінде жалпы ішкі өнімнің (ЖІӨ) өсуі­не ықпал етеді. 
Ұлттық статистика бюросы мен ҚСЗИ этностардың шоғырлануын зерт­те­ген. Әлеуметтанулық зерттеулер ең жоғары көрсеткіш сауда және қызмет көрсету сала­сына (17 пайыз) тиесілі екенін көрсетті. Бұл сек­торда өзбек, ұйғыр және әзербайжан диас­поралары белсенді. Олар көбінесе отба­сылық бизнес моделін қолданады, бұл ең­бек өнімділігін арттырмаса да, бизнестің өмір­шеңдігін қамтамасыз етеді. Тұтыну тауар­лары мен қоғамдық тамақтандыру сала­­сындағы бәсекелестіктің жоғары болуы осы этностардың нарықтық икемділігіне байланысты.
Екінші орында – ауыл шаруашылығы (10.8 пайыз). Оңтүстік өңірлерде (Түркі­стан, Жамбыл облыстары) өзбек, тәжік, дұн­­ған этностары егіншілік пен бау-бақша шаруа­шылығында көш бастап тұр, респуб­ли­калық көрсеткіштен орта есеппен 15-20 пайыз жоғары.
Ұлттық статистика бюросының 2024 жыл­­ғы мәліметінше, осы аймақтардағы кө­­көніс өнімділігі бір гектардан алынатын өнім көлемі бойынша рекордтық көрсет­кіш­­терге ие. Бұл – дәстүрлі білім мен зама­науи агротехнологияның синтезі. 
Өнеркәсіп және инжиниринг (12,5 пайыз) саласында орыс, неміс және ук­раин этностарының үлесі байқалады. Әсіресе Сол­түстік және Орталық Қазақ­стан­ның өн­дірістік хабтарында (Қарағанды, Өс­ке­мен, Павлодар) машина жасау, ме­тал­лургия және энергетика жақсы дамыған. 2025 жыл­ғы көрсеткіштер бойынша атал­ған са­ла­лардағы еңбек өнімділігі бір жұ­мыс­шыға шаққанда 9,22 млн теңгені құрап, тұрақты өсім көрсетіп отыр. Бұл өңірлердегі ірі кә­сіп­орындарда (мысалы, «Арселор­Мит­тал Те­миртау», «Казцинк») жұмыс істейтін ин­же­нер мамандардың 40-50 пайызы – көпұлт­ты әулеттердің өкілдері. Ғылыми баян­дамаларда бұл құбылыс «кәсіби тұрақ­тылық капиталы» деп аталады. Олардың еңбек өнімділігі стандартты мамандардан жоғары, себебі кәсіби дағдылар отбасылық тәрбиемен ұштасқан. 
Батыс Қазақстанның еңбек нарығын­дағы этникалық әртүрлілік шетелдік мамандармен және жергілікті көпұлтты кадрлармен сипатталады. Мұндағы басты тренд – технологиялық интеграция. Түрлі этнос­тардың бірлескен жобаларда жұмыс іс­теуі батыстық басқару мәдениетінің тезі­рек сіңісуіне ықпал етеді. Сонымен қатар ха­лық көп шоғырланған және әртүрлі этнос­тар тұратын аймақтарда креативті ин­дустрия (IT, дизайн, медиа) жылдам да­ми­тыны анықталып отыр.
Елімізде этностық әртүрлілік қоғамның жіктелуі емес, керісінше, әр топтың өзіне тән тарихи-мәдени тәжірибесін ел эконо­микасына ең тиімді жолмен салуы.

Этностардың әлеуметтік-кәсіби құрылымы

ҚСЗИ зерттеулеріне сүйенсек, еліміздегі эт­никалық топтардың ішінде жоғары білім деңгейі бойынша белгілі бір теңгерім қа­лыптасқан. Мысалы, кәріс, неміс және орыс диаспорасының өкілдері арасында жоғары білімді мамандардың үлесі (орта есеппен 30-35 пайыз) жоғары. Бұл көрсеткіш атал­ған топтардың көбінесе қалалық жерлерде шо­ғырлануымен және инженерлік-техни­ка­лық, медициналық мамандықтарға отба­сы­лық бейімділігімен түсіндіріледі. Ал қа­зақ ұлтының өкілдері соңғы жылдары IT, гу­манитарлық ғылымдар және мемлекеттік басқару саласында басымдыққа ие болып отыр.
Этностардың халықаралық ғылыми бай­ланыстардағы рөлі де ерекше. Мысалы, Гер­маниямен ғылыми коллаборация жа­сау­да қазақстандық немістер, ал Израильмен медициналық технологиялар саласында жұмыс істеуде еврей қауымдастығы табиғи ка­тализатор қызметін атқаруда. Бұл – мем­лекеттің сыртқы саясаты мен ғылыми дип­ломатиясының ажырамас бөлігі. Же­тек­ші ЖОО-лардағы (Назарбаев университеті, ҚазҰУ, Сәтбаев университеті) зерттеушілер­дің этникалық палитрасы 15-тен астам ұлт­ты қамтиды. Бұл халықаралық ғылыми кол­лаборациялардың санына тікелей әсер етеді.
Этностардың әлеуметтік-кәсіби құры­лы­мы – статистика ғана емес. Ол ел эко­номикасының құрылымымен бірге өз­ге­ріп отырады. Бұл әртүрлілікті тиімді бас­қару – Қазақстанның жаһандық бәсекеге қа­білеттілігінің кепілі.

Сандар не дейді?

Кейінгі 3 жылда мемлекеттік қызмет­тегі өзге ұлт өкілдерінің үлесі тұрақ­ты сақталып (шамамен 10-12 пайыз), олар­дың басым бөлігі білім беру және денсаулық сақ­тау саласында еңбек етеді екен. Оның ішін­де ең көп үлесі бар топтар: орыстар, ук­раиндар, татарлар және немістер. Кейінгі екі жылда мемлекеттік қызметке келетін өзге ұлт жастарының арасында қазақ тілін ер­кін меңгергендердің үлесі 45 пайызға өскен.
Ал кәсіпкерлік саласында түрік, ұйғыр жә­не әзербайжан диаспораларының ара­сын­да жеке кәсіпкерлікпен айналысу дең­гейі республикалық орташа көрсеткіштен 1,8 есе жоғары екені анықталған. 
«Қазақстандық қоғамдық даму инс­титутының» 2024 жылғы ұлттық баян­да­ма­сын­да мемлекеттік қызмет тек басқару ап­параты емес, қоғамның интеграциялану деңгейінің көрсеткіші ретінде аталған. Бүгінде мемлекеттік қызметшілердің шамамен 10-12 пайызын өзге ұлт өкілдері құрайды. Бұл көрсеткіштің басым бөлігі жергілікті атқарушы органдар мен білім беру, денсаулық сақтау сияқты бюджеттік салаларға тиесілі. Бұл фактор мемлекеттік саясаттың барлық этностар үшін ашықты­ғын және «тең мүмкіндіктер» қағидатының іс жүзінде орындалуын дәлелдейді.
ҚСЗИ мамандарының пікірінше, Қазақ­стандағы шағын және орта бизнестің да­муына әртүрлі диаспора өкілдерінің қосқан үлесі зор. Этникалық кәсіпкерлік индексіне қарасақ, Алматы мен Астана қалаларындағы ШОБ өкілдерінің 42 пайызы көпұлтты серік­тестіктер негізінде құрылған. Мұндай ком­паниялардың нарықтағы өміршеңдігі моноэтникалық компанияларға қарағанда 1,5 есе жоғары екен. Бұл топтарда «кәсіп­кер­лік мәдениеті» ұрпақтан-ұрпаққа «беріледі». Олар негізінен логистика, құры-лыс материалдарының өндірісі және сауда саласында маманданған. Статисти­ка­лық деректерге сүйенсек, этникалық негізде құрылған отбасылық кәсіпорындар дағда­рыс кезеңдерінде басқаларға қарағанда 25-30 пайызға төзімдірек келеді.
Этностардың кәсіби құрылымына әсер ететін ең басты фактор – қо­ныс­­тану ортасы (қала мен ауыл). Қалалық эт­ностарға кәріс, неміс, орыс, татар және еврей диаспоралары енеді. Олар негізінен ірі урбанизациялық орталықтарда шоғыр­ланған. Бұл олардың жоғары технологиялық секторда, медицинада, ғылымда және қар­жы саласында басымдыққа ие болуын анық­тайды. Аталған топтар арасында жо­ғары білімі бар мамандардың үлесі респуб­ли­калық орташа көрсеткіштен 12-15 пайыз­ға жоғары.
Ауылдық этностарға өзбек, ұйғыр, дұн­ған және тәжік диаспоралары кіреді. Олар негізінен аграрлық өңірлерде тұрады. Бұл топтардың әлеуметтік-кәсіби құрылымында өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жеке қо­салқы шаруашылық иелерінің үлесі б­а­сым. Олардың агробизнестегі тәжірибесі Қа­зақстанның азық-түлік қауіпсіздігіне тіке­лей әсер етеді.
1 мамыр – жай ғана тарихи қалыптасқан татулықтың мерекесі ғана емес. Әртүрлілік бізді бөлмейді, керісінше, ортақ экономи­ка­лық механизмнің бір-бірін толықтыра­тын бөлшектеріне айналдырады. Ғылымда­ғы жаңашылдық, бизнестегі икемділік және қоғамдағы ашықтық – біздің ортақ мәдени капиталымыздың тікелей дивиденді. Сон­дық­тан бүгінгінің бірлігі тек бейбітшілік қа­на емес, прогреске жетелейтін қуатты си­нергия.

Акбаржон ИСМАИЛОВ,
ҚХА кеңес мүшесі, Тәжіктердің Республикалық этномәдени орталығының төрағасы:

БІЛІМДІ ҰРПАҚ ТӘРБИЕЛЕУ – ОРТАҚ ПАРЫЗЫМЫЗ

Ғылым мен білімнің маңызы туралы көп айтуға болады, алайда біз үшін оның өлшемі – нақты іс. Ғылым мен білімнің негізі ең алды­мен мектеп қабырғасында, тіпті балабақшадан қаланады. Сон­дықтан бұл бағыттағы жұмыс тек жекелеген тұлғалардың емес, тұтас қоғамның, соның ішінде этномәдени бірлестіктер мен азаматтардың ортақ еңбегі. 
Бүгінде Қазақстанда 61 мыңнан астам тәжік этносының өкілі тұра­ды, оның 41 мыңы Түркістан облысында тығыз қоныстанған. Мақтаарал, Жетісай, Сарыа­ғаш аудандары – тарихи тұрғыдан орныққан, тәрбиеге және білімге деген көзқарас әр­дайым жоғары деңгейде қалыптасқан өңірлердің бірі. 
Ұрпақ тәрбиесіне келгенде біз ешқашан аянып қалған емеспіз. Түркістан өңіріндегі азаматтар өз бастамасымен қазақ тілінде оқытатын бірнеше балабақша салып, пайдалануға берді. Бұл – алғыс алу үшін емес, елдің ертеңін ойлаған азаматтық ұстанымның көрінісі. Балабақшадан басталатын ана тіліндегі тәрбие – болашақ ұлттық бірліктің берік негізі.
Сондай-ақ Петропавл қаласы мен Ақмола облысының ауылдық аймақтарында балаларға ар­налған ойын алаңдары бой көтерсе, Түркістан өңірінде жастарға арналған заманауи спорт ке­шендері ашылды. Бұл дегеніміз – салауатты әрі білімді ұрпақ қалыптастыруға бағытталған нақ­ты қадамдар.
Әлеуметтік қолдау мәселесі де назардан тыс қалған емес. «Мектепке жол», «Жомарт жан» сияқты жобалар біз үшін жай науқан емес, жүрек қалауы. Жүздеген баланы мектепке киіндіріп, оқу құралдарымен қамтамасыз еткен сәттер – ең үлкен рухани қуаныш. Осы бағыттағы қайырымдылық шаралары барысында өмірлік тағдырға әсер еткен жағдайлар да кездесті. Мәселен, 2022 жылғы бір іс-шарада білімге ерекше құштар екі отбасының балалары назарға алынып, іштей «осылардың баспана мәселесін шешу – менің азаматтық парызым» деп бекіндім. Сөйтіп, Алланың қалауымен 2023 жылдың басында сол отбасылар баспанамен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар балалардың сапалы білім алып, жарқын болашағына жағдай жасау мақсатында да Түркістан облысында тағы үш отбасына баспана табысталған болатын. Бұл – әлеуметтік жауапкершіліктің нақты көрінісі. 
Әрине, бұл айтқандарым – атқарылып жатқан ауқымды жұмыстардың бір бөлігі ғана. Бұ­дан да басқа қолға алған, әлі де іске асатын жобаларымыз өте көп. Біз бір орында тұр­май­мыз, әр өңірдегі өзекті мәселелерді бақылап, қолдан келгенше нақты көмек көрсетуді жалғас­тыра береміз. Ең бастысы – осы бірлік пен ниетімізді арттырып, әлі талай игі істерді бірге атқаратынымызға сенімдімін.
Одан бөлек, Түркістан өңіріндегі тәжік этносы өкілдерінің басым бөлігі кәсіпкерлікпен айна­лысатыны баршаға аян. Бұл білім мен тәжірибенің нақты өмірде көрініс табуы. Кәсіп­керлер өз ісін дамыту арқылы жастарға еңбек нарығында сұранысқа ие дағдыларды үйренуге, жаңа технологияларды меңгеруге және заманауи ойлау жүйесін қалыптастыруға жағдай жасап отыр.
Олар тек өз бизнесін дөңгелетіп қана қоймай, ауылдардың инфрақұрылымын жақсартуға, абат­тандыруға белсене атсалысып, жаңа жұмыс орындарын ашу арқылы жастардың білім алған­нан кейін елде қалып, өз мамандығын іске асыруына мүмкіндік беруде. Бұл – білім мен еңбектің өзара сабақтастығын көрсететін маңызды фактор.
Кәсіпкерлік орта қайырымдылықты да жүйелі түрде атқарып келеді. Жол салу, су жүйесін тарту, әлеуметтік нысандарды жөндеу сияқты жұмыстар тек тұрмысты жақсарту емес, соны­мен қатар білім алуға қолайлы орта қалыптастыруға бағытталған. Өйткені сапалы білім ең алдымен қолайлы ортадан басталады.
Осындай іскер әрі жомарт жандардың еңбегінің арқасында өңірдегі бірлік нығайып, жас­тар­дың білімге, еңбекке және жаңашылдыққа деген ынтасы артып келеді. Бұл – ғылым мен білімге негізделген қоғам қалыптастыруға қосылып жатқан нақты азаматтық және интеллектуалдық үлес. 
Осылайша, біз білім мен ғылымға қосқан үлесімізді сөзбен емес, нақты әрекетпен көр­сетіп келеміз. Білімді ұрпақ тәрбиелеу – тек мектептің міндеті емес, бұл – әрбір азаматтың, әр­бір этномәдени бірлестіктің ортақ парызы. Балаларға жасалған әрбір мүмкіндік – елдің ин­теллектуалдық әлеуетін арттыратын маңызды инвестиция деп білемін.

Тэгтер:

Этнос бірлік