Павлодарда пәтер өртеніп, 15 адам құтқарылды

Бүгін, 07:47 / Нұрлан Әлинұр
istockphoto

Павлодар қаласында көпқабатты үйде шыққан өрт салдарынан тұрғындар түтінге тұншығу қаупіне ұшырады, деп хабарлайды turkystan.kz.

2026 жылғы 30 сәуірде 101 пультіне Муткенов көшесінде орналасқан тұрғын үйде өрт шыққаны туралы хабарлама түскен. Оқиға орнына жедел жеткен өрт сөндірушілер подъезде қою түтінді бірден байқаған.

Ведомство мәліметінше, тілсіз жау бірінші қабаттағы пәтерден шыққан. Құтқарушылар өртті қысқа уақыт ішінде оқшаулап, жалынның таралуына жол бермеді.

"Құтқарушылар бірінші қабаттағы пәтерде 10 шаршы метр аумақта үй жиһаздары мен тұрмыстық заттардың жануын жедел түрде сөндірді",- делінген ведомство ақпаратында.

Құтқару жұмыстары барысында өрт сөндірушілер баспалдақ арқылы 15 адамды, оның ішінде 5 баланы сыртқа алып шыққан. Тағы 20 тұрғын өз бетінше эвакуацияланған.

Қазіргі уақытта оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.