Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің татамиге қашан оралатыны мәлім болды

30 сәуір, 2026 / Жамбыл Жайлау
Сали Сабиров / ҰОК. Суретте: Елдос Сметов

Қазақстандық дзюдошы Ғұсман Қырғызбаев ашық жаттығу барысында алдағы жарыстарға дайындығын бағалап, Олимпиада чемпионы Елдос Сметовтің ресми жарыстарға қашан оралатыны туралы пікір білдірді, деп turkystan.kz тілшісі Sports.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Спортшының айтуынша, Елдос Сметов қазір толыққанды жаттығу жиындарына кіріскен.

"Қазіргі таңда ол тауда дайындалып жатыр. Жарақаты аса ауыр емес еді. Шамамен 10-15 күн демалып, ем қабылдауы қажет болды. Қазір жаттығуға қайта қосылды. Құдай қаласа, жаздың соңына қарай жарыстарға қатыса алады", – деді Қырғызбаев.

Айта кетейік, Елдос Сметов соңғы рет 2024 жылы Парижде өткен Олимпиада ойындарында татамиге шығып, алтын медаль жеңіп алған. Осыдан кейін спортшы мансабында үзіліс жасап, жарақатынан қалпына келумен айналысқан. Ол толыққанды жаттығуларға тек 2025 жылдың желтоқсанында оралды.

Ал Ғұсман Қырғызбаев – Қазақстандағы ең тәжірибелі әрі титулды дзюдошылардың бірі. Оның қоржынында 2024 жылғы Париж Олимпиадасының қола медалі және 2021 жылы Будапештте өткен әлем чемпионатының күміс жүлдесі бар.

Тэгтер:

дзюдо Елдос Сметов Ғұсман Қырғызбаев