Қаза тапқан Нұрай Серікбайдың жақындары күдіктінің туыстарын да қылмыстық жауапкершілікке тартуды талап етіп отыр, деп turkystan.kz тілшісі Tengrinews.kz басылымына сілтеме жасап хабарлайды.
Қайғылы оқиға 11 қаңтар күні болған. Бейнебақылау камералары 28 жастағы ер адамның Нұрайды қуып жетіп, пышақтаған сәтін тіркеген. Белгілі болғандай, бұл қылмысқа дейін бірнеше айға созылған аңду (сталкинг) мен "алып қашу" оқиғасы болған.
Марқұмның ағасы Сұлтан Серікбайның айтуынша, 2025 жылдың қазан айында күдікті Нұрайды алдап, Алматыдан Шымкентке алып кеткен. Сол жерде оның туыстары қызды күштеп ұстап, үйлену тойына дайындалған. Кейін Сұлтан Серікбай қарындасын алып кетіп, полицияға жүгінген.
Алайда оның сөзінше, құқық қорғау органдары қыздың ұрлануы, қудалануы және қорқытылуы туралы бірнеше арызды қараусыз қалдырған. Қылмыс тек қыздың қазасынан кейін ғана тергеле бастаған.
Отбасының пікірінше, күдіктінің туыстары қызды ұстап тұруға көмектескен.
"Олар оның телефонын алып қойып, сыртқа шығармай, іс жүзінде күштеп ұстаған. Сондықтан біз олардың да заң алдында жауап беруін талап етеміз", – деді Сұлтан Серікбай.
Ол сондай-ақ Жаңаөзендегі ұқсас істі мысалға келтіріп, онда "алып қашуға" қатысқаны үшін бес адам сотталғанын атап өтті.
"Мұндай қылмыстарды бір адам жалғыз жасамайды, әрдайым көмектесетін адамдар болады. Біз сотта барлық кінәлілер жауапқа тартылып, күдіктіге ең қатаң жаза тағайындалуын қалаймыз. Тек осылай ғана әділдік орнайды", – деді ол.
Айта кетейік, 30 сәуір күні Ішкі істер министрінің орынбасары Санжар Әділов күдіктіге жүргізілген сот-психиатриялық сараптаманың нәтижесінде оның ақыл-есі дұрыс деп танылғанын мәлімдеді. Сараптамалар үш рет жүргізіліп, бұл процесс пен емдеу шаралары ұзақ уақыт алған.