Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығында «Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу, мәселелері және оны шешудің баламалы жолдары» тақырыбында профилактикалық әңгіме өткізілді. Іс-шара «Заң және тәртіп» идеологемасы аясында ұйымдастырылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесуді Бас қолбасшылықтың Әскери полиция басқармасының профилактика бөлімінің аға офицері подполковник Асхат Балтабаев ұйымдастырды. Сарапшы ретінде ІІМ Басқару академиясының докторанты, тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл саласының маманы полиция подполковнигі Гүлмира Шрахметова қатысты.
Іс-шара барысында тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері, оның туындау себептері, сондай-ақ ерте анықтау және ден қою тетіктері жан-жақты қарастырылды. Құқықтық аспектілерге, жәбірленушілердің құқықтарын қорғауға және қоғамда зорлық-зомбылыққа мүлдем төзбеушілік қағидатын қалыптастыруға ерекше назар аударылды.
Қатысушыларға жанжалдарды тиімді шешу тәсілдері, профилактикалық жұмыстың рөлі және дер кезінде көмекке жүгінудің маңыздылығы түсіндірілді. Мұндай іс-шаралардың әскери қызметшілердің құқықтық сауаттылығын арттыруға және әскери ұжымдардағы тәртіпті нығайтуға ықпал ететіні атап өтілді.