Енді домбыраны ұшаққа қол жүгi ретінде тегін алып кіруге болады

Бүгін, 17:21 / Інжу Әлихан
Фото: Ақорда

Көлік министрлігі «Жолаушыларды, багажды және жүктерді әуе көлігімен тасымалдау қағидаларын бекіту туралы» Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 сәуірдегі № 540 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізуде, деп хабарлайды turkystan.kz.

Жоба аясында азаматтардың көптеген өтініштері негізінде, алғаш рет нормативтік деңгейде жолаушылардың музыкалық аспаптарды (оның ішінде домбыра мен қобызды) футлярда әуе кемесінің салонында қол жүгi ретінде тасымалдау құқығы бекітіледі. Бұл ретте олардың өлшемдері 110×35×30 см-ден, ал салмағы 10 кг-нан аспауы тиіс.

Аталған түзетулерге сәйкес, егер жолаушы тек бір музыкалық аспапты, мысалы домбыраны, алып жүрсе, оны тасымалдау қол жүгі ретінде тегін жүзеге асырылады. Ал музыкалық аспап қол жүгінің қосымша бірлігі ретінде тасымалданған жағдайда, белгіленген нормадан асатын жүк үшін әуе компаниялардың қолданыстағы қағидаларына сәйкес ақы алынады.

Бұл түзетулерді қабылдау жолаушылардың құқықтарын қорғау деңгейін арттыруға және әуе көлігінде музыкалық аспаптарды тасымалдауды реттеуді жетілдіруге бағытталған. Түзетулерді қабылдаудың болжамды мерзімі – 2026 жылғы мамыр айының соңына дейін.