Түркістан облысында құны 1 млрд теңгені құрайтын зауыт іске қосылды

Бүгін, 16:54 / Інжу Әлихан
Түркістан облысы әкімдігі

Түркістан облысы Сарыағаш ауданының Дарбаза ауылдық округінде орналасқан индустриялық аймақта «Альбарака 077» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің өсімдік майын өндіру зауыты салтанатты түрде ашылып, кәсіпорын жұмысын бастады. Жаңа нысанның ашылу рәсіміне аудан әкімі Арман Абдуллаев қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аталған жобаның жалпы инвестициялық құны 1 миллиард теңгені құрайды. Зауыттың іске қосылуы нәтижесінде 25 жергілікті тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылып, өңірдегі әлеуметтік-экономикалық ахуалдың жақсаруына оң әсерін тигізеді. Кәсіпорынға индустриялық аймақ аумағынан жалпы көлемі 3 гектар жер телімі бөлінген. Өндіріс орнында заманауи технологиялық жабдықтар орнатылып, тәулігіне 50 тонна өсімдік майы және 65 тонна мал азығын өндіру мүмкіндігі қарастырылған. Бұл көрсеткіштер өңірдің өндірістік әлеуетін арттырып қана қоймай, ауыл шаруашылығы саласының дамуына да серпін береді.

Кәсіпорын басшысы Абдулбосид Мамадалиев зауыттың өндіріс барысымен таныстырып, алдағы уақытта дайын өнімді Өзбекстан мен Тәжікстан мемлекеттеріне экспорттау жоспарланып отырғанын жеткізді.