Елена Ленешмидт: Бірлік пен бейбітшілік – біздің ортақ мүддеміз

Бүгін, 11:15 / Алуа Арман
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

Бүгін — Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл – татулық пен тыныштықтың, тұрақтылық пен бейбітшіліктің символы саналатын маңызды мереке. Бұл әртүрлі мәдениет пен ұлт өкілдерінің арасындағы достық, бейбітшілік пен өзара құрметтің маңызын еске салатын маңызды күн. Жетісу облысындағы «Мәміле» клубының мүшесі, аудармашы, неміс ұлтының өкілі Елена Ленешмидт түрлі ұт өкілдерінің басын қосып, татулықта ұстап отырған мемлекет саясатын жоғары бағалайтынын айтады.

«Қазақстанда 130-дан астам этнос өкілі тұрады. Адамдар – біздің еліміздің ең басты құндылығы. Қазақстан халқының көпұлтты, алуан түрлі болуы – ең басты ерекшелігі. 1 мамыр мерекесі де осы өзара құрмет пен бірліктің жарқын көрінісі іспетті. Қоғамда құрмет пен диалог болса ғана елімізде қауіпсіздік пен тыныштық болады. Түрлі этнос арасында достық пен келісім, түсіністік болса, көңіл де тоқ, адамның өзі де тоқ болады. 1 мамыр – әр этностың өз тілін, мәдениеті мен дәстүрін сақтай алатынын көрсететін мереке. Бұл мемлекеттің татулыққа, бірлікке бағытталған саясаты. Біз – әртүрлі ұлт өкілдері болсақ та, бір-бірімізді ерекше сыйлап, айрышқа құрмет көрсетуге асығып тұрамыз. Бір-біріміздің асханамызды танып, құрметтеуді үйрендік. Біз әрдайым біргеміз, бірлігіміз берік, достығымыз нығайған. Бірлік күні – татулық пен достықтың мерекесі», – дейді ол.

Сөз соңында Елена Ленешмидт Қазақстан халқына құттықтауын жолдады.

«Құрметті отандастар! Сіздерді 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Бірлігіміз – бақытымыз, достығымыз – өміріміз! Ынтымақта, бірлікте, татулықта өмір сүрейік! Шаңырағыңыздан береке, көңіліңізден қуаныш кетпесін! Достығымыз артып, бейбітшілік заман нығая берсін! Еліміз аман, жұртымыз тыныш, бірлігіміз бекем болсын! Татулық пен ынтымақ, достық пен сыйластық үні мықты болсын! Мереке құтты болсын!», – дейді ол.

Тэгтер:

1 мамыр Елена Ленешмидт Бірлік мерекесі