Ержан Бабақұмаровты өлтірген адамға үкім шықты

Бүгін, 15:24 / Алуа Арман
Ғаламтор

Астана соты бұрынғы шенеунік Ержан Бабақұмаровты өлтірді деп айыпталған күдіктіге үкім шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Tengrinews.kz мәліметінше, Астананың қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты сотталушыны Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаған.

Үкім осы жылдың 20 ақпанында шығып, заңды күшіне енген.

«Негізгі сот талқылауы жабық сот отырысында өткендіктен, Қылмыстық-процестік кодекстің 201-бабы талаптарына сәйкес іс бойынша өзге мәліметтер жария етілмейді», – деп хабарлады елорда соты.

Ержан Бабақұмаров 2025 жылғы 30 қазанда қаза тапты. Полиция деректеріне сәйкес, ол соққыға жығылған. Алдын ала мәлімет бойынша, бұрын таныс адамдар арасында сөз жанжалы туындап, ол төбелеске ұласқан. Соның салдарынан алған жарақаттардан 56 жастағы Бабақұмаров көз жұмды.

Іс материалдары сотқа Қылмыстық кодекстің 99-бабының 1-бөлігі («Адам өлтіру») бойынша түскен. Іс бойынша 37 жастағы Е.К. күдікті ретінде танылған.

Тэгтер:

Сот үкім Ержан Бабақұмаров